Көгілдір отынмен қамтылады
Рудныйда үш жылдық үзілістен кейін жеке тұрғын үйлер секторын газдандыру жобасы қайта жанданды. Қазір қаланың оңтүстік қақпасындағы шағын аудандар аумағында геодезиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, 22, 23, 26, 27, 28, 29 шағын аудандардағы тұрғын үйлерге көптен күткен көгілдір отын құбыры тартылады.«Жыл басында қаладағы бес бірдей шағын аудан нысандарын газдандыру бойынша конкурс өткізілген. Жоба екі жылды қамтиды. Қаржыландыру көзі: республикалық және облыстық. Биыл 22, 26, 27 шағын ауданға газ жүргізуге қажетті 472 миллион теңгенің 402 миллионы, ал 23, 28, 29 шағын ауданға қажетті 402 миллион теңгенің 362 миллионы бөлінді. Қалған қаражат 2022 жылдың бірінші жартысында игеріледі», – дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Жәкенов.
Айта кетейік, биыл қыста 18 шағын ауданды газдандыру жұмыстары аяқталып, 65 үй көгілдір отынға қосылған болатын. Енді тура бір жылдан кейін аталған жеке тұрғын үйлер секторындағы тағы 109 абонентке газ желілері қолжетімді болмақ.