Қостанай облысының “Құрметті азаматы” атағы берілмек
Жуық арада тағы да төрт адам Қостанай облысының құрметті азаматы атанбақ. Депутаттар өңірге еңбегі сіңген тұлағалардың бұл ұсынысын бірауыздан қолдады. Тізімді бірінші болып Сабыржан Ахметов бастап тұр. Ол кісі Арқалық қаласында және Ұзынкөл мен Аманкелді аудандарында әкім болған. Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған жан.
Одан әрі бұл тізімді елімізге танымал айтыскер, Халық ақыны Әсия Беркенова жалғайды. Әсия Әйіпқызы 25 жыл ауыл мектебінде орыс тілінен сабақ берген ұлағатты ұстаз екенін ұмытпағанымыз жөн. Айтыс аламанына бірталай жастарды қосқан өнер жанашыры.
Сондай-ақ, Науырзым ауданы, Шолақсай ауылының тумасы, туған жерінің аңызына айналған Өмірзақ Ихтиляповты тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де айрықша құрметтейді. Ол кісінің иелік ететін "Шолақсай-1" шаруашылығы шағын ауылды заманның әр жылдарында алға сүйреп отырды. Өмірзақ Ихтиляпов "Құрмет", "Парасат" және қазақ диаспорасына көрсеткен көмегі үшін Ресей халқы Ассамблеясының ордендерімен марапатталған.
Вера Семенова – облыстың беткеұстар азаматтарының бірі. Облыстық мәслихаттың бірінші хатшысы болған. Қазір де өңірдің тіршілігіне белсене атсалысып, игі істердің басы-қасында жүреді. Облыстық қоғамдық кеңестің белді мүшесі.