Шағын несиенің көмегі тиді
Облыстағы 130 адам «Атамекен-Қостанай» шағын несиелік ұйымы арқылы жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін жандандыра түсті. Естеріңізге сала кетейіәк, бұл қаржылық ұйым осыдан бір жыл бұрын құрылған еді. Оның құрылтайшылары – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы, Еуразиялық топ және облыс әкімдігі.
Ұйымды құрғандағы басты мақсат – халыққа қолжетімді несие беріп, сол арқылы бизнес саласын өркендету. Шағын несиелік ұйым қатарынан бірнеше мәселені шешті. Мәселен,моноқалалар ERG тобына кіретін алып кәсіпорындарға тәуелділіктен құтылды. Ал ауылды жерлерде мүлікті кепілге қоюдың қарапайым үлгісі енгізілді. Әлбетте, банктер кепілге жарамды мүлік болмаса, жұртқа несие бере бермейтін.Мұның сыртында қарыз алушылар несиені жылына 4%-пен ғана төлеу мүмкіндігіне ие болды.
Бір жыл ішінде ШНҰ 620 млн теңгеге жуық несие берген. Оның дені мал өсіруге, ауылшаруашылық техникаларын, құрылыс нысандарын, қажетті қондырғылар сатып алуға жұмсалған. .
– Қаржы аудан және моноқала тұрғындарына тек кәсіпкерлікті дамытуға ғана беріледі. Үстіміздегі жылы несие алуға өтініш бергендердің қатары көп. Әр өтінішті эксперттік топ қарайды. Нәтижесінде облыста жаңа шағын фермалар саны артты. Мәселен, Рудный тұрғыны түйе шаруашылығын қолға алса, арқалықтық азамат таксопарк ашты. Яғни, өңірде шағын және орта бизнесті дамыту тапсырмасы жеміс бере бастады, – дейді «Атамекен-Қостанай» шағын несие ұйымының менеджері Айдос Бермұхамбетов.
Әлібек ЫБЫРАЙ