Жиентаев жүлдемен оралды
Қостанайлық Талғат Жиентаев белбеу күресінен ересектер арасындағы XV Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Спорт додасы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 21-24 шілдеде Астанада өткен еді. Жерлесіміз ҚР Ұлттық құрамасының қатарында бақ сынаған болатын. Талғат жаттықтырушыларының үмітін ақтап, қоржынға қола медаль салды. Спортшыны қостанайлық жанкүйерлер құттықтап, арнайы баспасөз-конференция ұйымдастырды. Бұл кездесуде Т.Жиентаев Әлем чемпионатынан алған әсерімен бөлісіп, спортшы жастарға кеңес берді.
-Ақтөбеде белбеу күресінен ҚР чемпионаты болатынын кездейсоқ естідім. Тәуекелге бел байлап, бағымды сынауға шешім қабылдадым. Нәтижесі жаман емес. Үшінші орын бұйырды. Кейін, Павлодарда өткен ҚР чемпионатында бірінші орын алдым. Жақсы көрсеткіштерімнің арқасында Ұлттық құрамаға іріктеліп, Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік туды. Мен классикалық тәсілде күрестім. Қарсыластарымның асқан дайындықпен келгені байқалды,-деді Талғат Жиентаев. Белбеу күресі – белі байланған екі жауынгердің өзара жекпе-жегін көрсететін ежелгі күрес түрі. Спортшылар жекпе-жек кезінде бір-бірін белбеуден ұстап белдеседі, әрқайсысы өз қарсыласын жығуға және жеңуге тырысады. Астанада болған ерлер арасындағы Әлем чемпионатында 16 салмақ дәрежесі бойынша еркін және классикалық тәсілде медальдар сарапқа салынды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.