Шұңқырдан сақ бол!

Қостанайлық «Гренада» өндірістік-коммерциялық фирмасының Рудныйдың күре жолдарында қалдырып кеткен «қақпандары» көлік иелерінің қалтасын қағуда.DSC_9328
Рудный көшелерінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізу конкурсын жеңіп алған мердігер компания өзіне жүктелген міндеттерді толыққанды орындамай келеді. Атап айтсақ, асфальттың кейбір бөліктерін қопарып, сол бойынша еш ақпараттандыру белгісінсіз ұзақ уақытқа қалдырып кеткен. Сол себепті фирмаға тапсырыс беруші тараптың да, тұрғындардың да өкпесі қара қазандай.DSC_9265
– Ленин-Қазанның 50 жылдығы көшесінің қиылысындағы асфальтты сыпырып тастағанына бір айдан асты. Мүлдем қозғалыс байқалмайды. Ешқандай ескерту белгісі де жоқ. Көлігімізді осындай шұңқырларға талай рет ұрып алдық. Қымбатшылық заманында біздің шығынды кім өтейді? – деп ашынады қала тұрғыны Ерхан Халмұратов.
Жамау жұмыстары, шынымен де, жүргізушілер мен шаңға аллергиясы бар жандар үшін сынақ алаңына айналды. Осыған орай әкімдіктің ТКШ бөлімі құқық қорғау органдарымен рейдке шығып, нақты іс-шаралар қолдануға кірісті.
– Қазылған жерлерде ұзақ уақыт бойы арнайы жол белгілері қойылмаған. Барлығы дер кезінде орындалуы тиіс еді. Бұл проблемалық учаскелер, әсіресе, түнгі уақытта өте қауіпті. Арты орны толмас оқиғаларға алып келуі мүмкін. Біздің талаптарға құлақ аспағандықтан ішкі істер бөліміне өтініш жолдадық, – дейді бөлім басшысы Ануар Есқатов.
Жауап көп күттірген жоқ. «Гренада» компаниясы ІІБ ұйғарымына сәйкес барлық ескертуді үш күн ішінде жоюға міндеттелді. Бұдан бөлек 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.DSC_9366
Айта кетейік, тендерді жеңіп алған компанияға бюджеттен 30 миллион теңге бөлінген. Жұмыстарды жүргізуге берілген уақыт – 3 ай. Осы уақыт аралығында қалаға кіреберістен Комсомольский даңғылына дейінгі аралық, Парковая, Жантеміров, Ленин, Володарский, Качарская, Горняков көшелері жолдарды жамау жұмыстарымен қамтылмақ. Оның сапалы, не сапасыз жүргізілгенін уақыт көрсетер. Дегенмен, асфальт төсеніші бұрынғыдан жақсара түсетіні анық. Әзірге жүргізушілерге шұңқырлардан сақ болуын сұраймыз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓