Әртараптандыру – нарық талабы
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Меңдіқара ауданына жұмыс сапарымен барып, "Қарқын" ЖШС аумағында кең көлемді жиын өткізді. Тақырып – егін алқаптары құрылымын әртараптандыру, астықты өңірдегі өзекті мәселелер, алға қойылған міндеттер. Семинарға аудан-қала әкімдері, ауылшаруашылық бөлімдерінің басшылары, диқандар қатысты.
Облыстың егін шаруашылығына қатысты мәселелерді пысықтауға арналған жиынның Қарқын елді мекенінде өткізілуі бекер емес. ҚР Еңбек ері Сайран Бұқанов иелік ететін "Қарқын" ЖШС облыстағы әлеуетті шаруашылықтардың бірі. Аймақ басшысы да ең әуелі серіктестіктің дәнді және майлы дақылдар егілген алқаптарын шолды. Одан кейін алыс-жақын шетелден алдырылған заманауи ауылшаруашылық техникалары көрмесімен танысты. Бұл жерге өнімділігі мен қуаттылығы бірінен бірі артатын таңсық техниканың сан алуан түрі қойылған. Солардың әрқайсысын "Каз НИИМ СХ" ЖШС директоры В.Астафьев жіті таныстырды. Бұл шараның практикалық бөлігі болатын.
Облыстың агроөндірістік кешенінің хал-жайын талқылауға арналған жиын сала мамандарының басын шатыр астында қосты. Басты мәселе – өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, экономикалық тиімді, ішкі-сыртқы нарық сұранысына сай өнім көлемін арттыруға көңіл бөлу. Өзге де өзекті мәселелер ашық түрде талқыланды. Облыс әкімі әуелгі сөзді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Б.Б. Мурзинге берді. Оның айтуынша, саланың даму динамикасы жақсы.
– Соңғы жылдары жалпы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі 1,5 есеге артты. Бұл, сөзсіз, мемлекеттік қолдау мен АӨК жетекші салаларын дамытуға арналған мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыру аясында мүмкін болып отыр, – дейді басқарма басшысы. – ҚР ауылшаруашылық министрлігімен арада жасалған Меморандумға сәйкес, егіс алқаптарында әртараптандыру белгілі межеде орындалды.
Жалпы алғанда, облыс бойынша 4688 мың гектарға тұқым себілген. Оның 4165 мың гектары – бидай, 340 мың гектары – майлы дақылдар, мал азығы егілген ауқым –247 мың га. Көкөніс өнімдері 2,5 мың га, бақша дақылдары 450 га алқапқа егілген. Б.Мурзин егін алқаптарының құрылымын әртараптандыру АӨК дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екеніне екпін сала өтті. Ол үшін диқандар майлы дақылдар егуге ден қоюы керек. Әйткенмен, оған желкесі жар бермейтін шаруалар көп. Мәселен, 160 мың гектардан астам алқабы бар "Алиби" ЖШС небары 4 мың га жерге, "ТПК "Қарасу" ЖШС, 200 мың га жері бола тұра, 4,9 мың га, 680 мың га танапқа ие әйгілі "Иволга Холдинг" ЖШС бар болғаны 2 мың га жерге ғана майлы дақылдар егіп отыр. Бұл, басқарма басшысы да, облыс әкімі де айтып өткендей, қазіргі уақытта диқандардың жаңсақтығы саналады. Өйткені, экономикалық тиімділігі жағынан алғанда, бидай бағасы жылма-жыл төмендеп, сұраныс майлы дақылдарға ауып келеді. Айталық, республика бойынша, соңғы бес жыл ішінде бидайдың орташа құны 41 мың теңге, ал күнбағыс бағасы 85 мың, рапс пен зығыр бағасы 72 мың теңгені құраған. Түйін біреу – әртараптандыру талабы диқандардың ғана емес, жергілікті басшылықтың да "бас қатырар" мәселесіне айналуы қажет. Бірақ, майлы дақылдар егу де оңай шаруа емес. Бабы күшті және арнайы техника болмаған жерде аста төк өнім алам деу бекер. Мұны облыс бойынша майлы дақылдар егуден көш басында тұрған "Қарқын" ЖШС директоры Сайран Балкенұлы өз сөзінде айта өтті.
– Дей тұрғанмен, "еге алмаған жерден көреді, басқара алмаған елден көреді" деген сөз бар. Ниет танытса, еңсерімейтін қиындық жоқ. Өйткені, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру нақты нәтижелер бере бастады. Экономикалық тиімділігі мен табысы астықтікінен көп. Мұнымен айналысуға бізді нарық мәжбүрлеп отыр, – деді тәжірибелі диқан.
Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, майлы дақылдар егудің технологиясын талдап берді. Айтуынша, өзіне тиесілі алқапты екі есеге қысқартқан, алайда одан ұтылмаған – кіріс сол 20 жыл бұрынғыдай. Ол осы егіншіліктің бағытын субсидиялау түйткіліне тоқталды. Элеваторлардағы қоныштан басушылық, адалдықтың жоқтығы, жүйесіз жұмысы тілге тиек етілді. Кадр мәселесі де көтерілді. Одан кейін сөз алған ғылыми зерттеу институтының мамандары дақылдарға қауіп төндіретін септориоз, тот басу сынды аурулар, одан қорғану тәсілдері туралы баяндама жасады. Озат шаруаларға да сөз берілді. Барлығы да алға қойылып отырған мәселені шешу жолдарын нұсқап бақты.
Жиынның шарықтау шегінде облыс әкімі түйінсөз айтып, сала мамандарына, аудан-қалалар басшылығына тапсырма жүктеді.
– Бастысы, әртараптандыру турасындағы әзіргі нәтиженің мардымсыз екені туралы ортақ түсінікке келе алдық. Жағдайды жақсартуға материалдық мүмкіндігіміз бар, оның үстіне үкіметтің қолдауы да игілікті арттыруға бағытталып отыр. Мен Арқалық қаласы мен аудандар әкімдеріне майлы дақылдар алқабын кеңейтуді тапсырамын. Солтүстік аудандар 25%-ға, оңтүстік аудандар 10-15%-ға ұлғайтуы керек. 2018 жылға дейін жалпы ауқым 450 мың га, 2019 жылы 700 мың гектарға жетуі тиіс. ҒЗИ жетекшілері ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен ғылыми тұрғыда әріптестік жасауы керек, -деп түйді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, А.Бегежанұлы аудан-қала басшыларына апта көлемінде жергілікті әлеуетті шаруашылық базаларында нақ осындай жиын өткізуді тапсырды.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай