Көнеден бүгінге жеткен
Құмыраның, шыны ыдыстардың, қанық сырлы бояу жағылған кеселердің, ғимарат қасбеттерінің сынығын, қыштан жасалған су құбырының бір бөлігін, көріп тұрып, осы жәдігерлер сонау ХІ-ХІІ ғасырдан келіп жеткен деп айта алмас едіңіз. Жоғары деңгейдегі технологиямен жасалғаны соншалық, сыры кетсе де сыны кетпей, қазіргі заманның заттары, ыдыстары секілді. Бұл көне жәдігерлердің барлығын Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінен көруге болады. Себебі Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Фараб-Отырар өркениеті» атты көрмесі салтанатты түрде ашылды.


«Фараб-Отрар өркениеті» көрмесінде 136 музейлік жәдігер қойылған. Көрменің ең құнды жәдігерлеріне – алтынмен жалатылған кемер белдік, зергерлік бұйымдарға – сырға, жүзік, шолпылар, майшамдар, дастархан (б.з. 11-12 ғғ.), қытай фарфоры, темірден жасалған еңбек құралдары, күміс және мыс теңгелер, кірпіштер мен көркем кірпіштер жатады. Жануарлар бейнесіндегі бойтұмарлар, әсіресе қой, ит, жылқы мүсіндері бірегейлігімен ерекшеленеді.


Отырардың кейінгі даму кезеңіне ХVІІ ғасырға тән қыш бұйымдары жатады (азық-түлік сақтауға және су тасымалдауға арналған ыдыстар). Солардың бірі мына дастархан-табақты айтуға болады. Қыштан жасалған, жақсы сақталып отыр, тек көнелігі болмаса. Кең көлемде көрсетілген Отырар қыш ыдыстары материалының берік әрі түр-түсі жақсы сақталғандығымен таң қалдырады. Жәдігердің тамаша сақталғаны ғасырлар бойғы уақыт ізінің түспегенін байқатады.Соны айта кеткеніміз жөн. Сол секілді зергерлік бұйымдарға тоқталсақ дейміз, қай-қайсысы болмасын неше ғасыр өтсе де, өзінің болмысын жоғалтпаған,-деді Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Ералы Шоқай.

«Фараб-Отырар өркениеті» көрмесі тамыз айының ортасына дейін жалғасады.
Гүлназым САҒИТОВА