“Үздік аула” байқауы басталды
Тұрғын үйлердің ауласын тәртіпке келтіріп, абаттандыру мақсатында қолға алынған “Үздік аула” байқауы биыл “Экоқала” жалпы қалалық фестивалі” жобасы аясында ұйымдастырылуда. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында айтылды.
Байқауды ұйымдастырушылардың бірі, жастар мен балалар бастамасы қауымдастығының Қостанай облысы бойынша жетекшісі Т.Новикованың айтуынша, аталмыш байқау бірнеше номинация бойынша өтеді. Мәселен, жеңімпаздар “Үздік аула”, “Үздік топ”, “Үздік дәліз”, “Үздік балалар алаңқайы” номинациялары бойынша анықталатын болады. Ал, жалпы сыйақы қоры – 500 мың теңге.
-Тұңғыш Президент Қорының тапсырысы бойынша қолға алынған “Экоқала” жобасын біз алғаш рет өткізіп жатырмыз. Жыл сайын дәстүрге айналған “Үздік аула” байқауы биыл осы жобаның аясында ұйымдастырылуда. Байқау барысында аулалардың тазалығы өз алдына, тұрғындардың креативті идеялары да есепке алынады. Бүгінде баспана иелері қолдануға жарамсыз зат қалдықтарынан әртүрлі мүсін жасап, аулаларын әрлендіруде, – дейді Т.Новикова.
“Үздік аула” атағы үшін тартысқа қаладағы барлық тұрғын үйлер қатысуға құқылы. Әзірге жеке пәтер иелері кооперативтеріне қарайтын 23 тұрғын үйдің 10-ы ғана сайысқа қатысуда. Дегенмен, байқауға қатысамын дегендердің өтініші 30 шілдеге дейін қабылданатын көрінеді. Сондықтан, қатысамын, бақ сынаймын дегендерге әлі де мүмкіндік бар. Ал, байқау қорытындысы қыркүйек айында белгілі болады.
Қарлығаш ОСПАНОВА