Маңызды шараға дайындық барысы қалай?

Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат мәжілісінің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Соның бірі – “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесіне тарту ретінде тамыздың 5 мен 9-ы аралығында Астана қаласында Қостанай облысының мәдениет күндері өтеді. Маңызды шараға дайындық барысы мен өткізу деңгейі туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов баяндама жасады. Сондай-ақ, жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мәселесі жөніндегі штабтың жұмысы туралы да сөз болды.
Басқарма басшысының сөзінше, Елордада өтетін шараға облыстың өнерпаздары сақадай дайын көрінеді. Жоспар бойынша ауқымды шара барысында астаналықтар қостанайлық сәндік-қолданбалы өнермен айналысатын суретшілердің көрмесін, облыстық филормония мен өңірдің аудан, қалаларының шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалайтын болады.
-Бесінші тамызда ЭКСПО-2017 көремесінің амфитеатрында Қостанай күндерінің ашылуына байланысты гала концерт өтеді. Онда өңірдің ең үздік деген өнерпаздары қала тұрғындарын әуезді ән мен күмбірлеген күйге бөлейтін болады. Сонымен қатар, гала концертте Тобыл өңірінен шыққан елімізге танымал жұлдыздар да өнер көрсетеді. 7,8,9 тамызда Астана қалалық әкімдігінің алаңындағы сахнада “Зори” би ансамблі, орыс халық аспаптары мен джаз оркестрлері де өз өнерлерін ортаға салады. Мұның сыртында І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері “Дала шамшырағы”, ал облыстық орыс драма театрының ұжымы “Ақ келін” спектакльдерін сахналайды. Сондай-ақ, 31 шілдеден 9 тамызға дейін, яғни он күн бойы астаналықтар “Этноауыл” ұлттық-мәдени кешенінде қостанайлық жиырма қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалайды. Сондай-ақ, осы күндері өңірдің, қала, аудандарынан барған шығармашылық ұжым да өз өнерлерін ортаға салатын болады, – дейді басқарма басшысы Е.Қалмақов.
Жалпы, Астана төрінде өтетін бұл маңызды шараға облыстан үш жүзден астам адам қатысады. Олардың жолақысы мен жатар орнына, тамағына төленетін қаражат жағы да өз шешімін тапқан. Сонымен қатар, 6 тамызда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылады.
-Жәрмеңкеде сатылатын азық-түлік өнімдері сапалы әрі қолжетімді болуға тиіс. Ал, өңірден баратын өнер ұжымдарына да барлық жағынан жағдай жасалатын болсын. Әйтпесе, кейбір жетекшілер өздері жайлы орынға орналасып алады да, басқаларын ұмытып кетеді. Ондайға жол берілмесін. Сахналық кастюмдерге де ерекше мән берілуі тиіс, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓