Автокөлік Академия полицейіне бұйырды
Қостанайда өткен республикалық "Сабантой" мейрамында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Солардың ең ауқымдысы – татар халқының "Белбеу курашы".
Екі күнге созылған сабантойдағы татардың ұлттық спорты "белбеу курашына" біздің оқу ордасының қызметкері, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқытушысы, самбо күресінен спорт шебері, бірнеше дүркін "Қазақ барысы" күресінің қатысушысы, полиция майоры Ержан Қабидуллинов қатысты.
"Белбеу курашына" Татар Президенті Рустам Минниханов өз атынан бас жүлдеге "Лада гранта" автокөлігін тікен еді. Аталмыш спорт сайысында орыс, татар, қазақ және басқа да ұлт өкілдерінен 23 балуан қатысты күш сынасты. Сонымен, ақтық сында бақ сынасқан әріптесіміз Ержан Қабидуллинов РФ Еңбек сіңірген спорт шебері, Татар халқының ұлттық "Белбеу курашының" 3 дүркін чемпионы Ильфир Анваровпен белдесіп, 1 минутқа жетер жетпес уақытта, әдемі айла тәсіл жасап, Ресей балуанының жауырынын жер қаптырды.
– Сабантойдағы "белбеу курашына" бірнеше жылдан бері қалмай қатысып келемін. 4 жыл қатарынан бас жүлдеге қой ұтып алған едім. Бірақ ол жарыстар тек облыс деңгейінде ғана ұйымдастырылатын. Ал, бүгінгі той республикалық деңгейде өтіп отырған соң облыс әкімі ғана емес, татар елінің Президенті де қатысты. Құрметті мейман мәрттік танытып, бас бәйгеге өз атынан автокөлік қойды. Сол жүлдені менің ұтып алғаным өзім үшін де, халқым үшін де зор қуаныш деп санаймын. Менің қарсыластарым да осал емес. Мәселен, соңғы шыққан Ильфирді және қазақ күресінен әлем чемпионы Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Нұрзат Бекасыловты жеңу оңайға соқпады. Бұл жеңісімді, ең алдымен, өзім қызмет етіп отырған академияға және жаттықтырушыларым – Нұржан Ермағамбетов, Аркадий Ахметов және Руслан Таңқыбаев ағаларыма арнаймын. Өйткені, сол кісілердің еңбектерінің арқасында жеңіске жетіп отырмын", – дейді Ержан Қабидуллинов.
Ержанды дүйсенбі күні Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов өз орынбасарларымен бірге академия алаңында көпшілік-пен күтіп алды. Генерал мырза Ержанды жеңісімен құттықтап, шын жүректен болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге жете беруін тіледі.
Тағы бір қуанышты жәйт, Ержан Қазақстан Республикасы белбеу күресінен спорт шебері атағын алды.
Мейрам ОСПАНОВ,
Академияның баспасөз хатшысы.