Тұрмыстық тәртіпсіздік үкімі жеңілдейді
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар бұдан былай қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 3 шілде күні ҚР Президенті Қылмыстық кодекстің 108 және 109-баптарын («Денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтіру» және «Ұрып-соғу») Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойды. 13 шілде күні бұл түзетулер өз күшіне енді.
Бұған дейін Қылмыстық кодексте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 45-тен 60 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған еді. Бұл шараларды қолдану 2020 жылға дейін тоқтатылды. Енді Әкімшілік кодекс бойынша, әйелін ұрған ер адам 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Ұрып-соғу мен денсаулыққа зақым келтіргені үшін тағайындалатын айыппұлдар көлемі де азайды.
Салыстырып қарар болсақ, Қылмыстық кодексте денсаулыққа зақым келтіргені үшін: 200 айлық есептік көрсеткішке (525 мың теңге) дейін айыппұл салу; осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту; 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту; 60 тәулікке дейін қамауға алу (тұтқынға алу шарасы ҚР ҚК 467-бабымен 2020 жылға дейін тоқтатылды) жазалары қарастырылған болатын.
Ендігіде, Әкімшілік кодекстегі тұрмыстық зорлық-зомбылық бабына сəйкес, 15 АЕК көлемінде айыппұл (39 мың теңге) немесе 15 күнге дейін әкімшілік тұтқындау қарастырылған. Сондай-ақ, Әкімшілік кодекс бабының екінші бөлімінде ұрып-соғуды бір жыл ішінде бірнеше рет қайталаған адамды 20 күнге әкімшілік тұтқынға алу көзделген және 30 АЕК (78 мың теңге) көлемінде айыппұл тағайындалады.
Сонымен қатар, «Ұрып-соғу» бабы бойынша Қылмыстық кодексте 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу; сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту; 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазалары көрсетілген еді.
Ал Әкімшілік кодексте ұрып-соғу үшін 10 АЕК (26 мың теңге) көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін тұтқындау жазалары көзделген. Соққыға алу оқиғасы бір жыл ішінде қайталанған жағдайда «сотқар күйеу» 15 тәулікке қамауға алынады.