Әңгіме Кейкі батыр туралы өрбіді

           Аманкелді ауданында орталық кітапхананың мәжіліс залында тарих ғылымының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік Университетінің проректоры Алмасбек Әбсадықовтың бастауыменен облысымыздағы бір топ тарихшы ғалымдар аманкелділік зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
            МәжілістіА.Әбсадықов ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Кейкі батырдың тарихын зерттеуге байланысты облыс көлемінде жасалынып жатқан істерге тоқталды. Соның бірі – өзі ұйымдастырған «Ұлы Дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми ағартушылық экспедиция туралы баяндады. Экспедиция «Қайта жаңғырған рух» деген тақырыпта бірнеше рет әңгімелер өткізген.
             Мұнан соң А.Байтұрсынов университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып және тарихшы ғалым Ө.Исенов  Кейкі батырдың зерттелуі туралы ойларымен бөлісті. Әсіресе, Қалқаман Қасенұлының Кейкі батыр туралы жинаған нақты деректері конференцияға қатысқан жұртшылыққа ой салды. Ол Кейкі батырға қарсы Кеңес Үкіметі жүргізген қарсылық шараларының қалай және қашан жүргізілгені туралы тарихи деректермен баяндалды.
             Өкінішке қарай, қазіргі күні Кейкі батырдың өлімі туралы екі түрлі дерек бар. Бір деректе Кейкі батыр 1922 жылы сәуірде, ал екінші деректе 1923 жылы сәуірде өлтірілген деп айтылады. Қалқаман Жақып тапқан Торғай үйезі басшысының рапорттарында Кейкі батырдың 1922 жылы мамыр айында мерт етілгені көрсетілген.
             – Әрине, мен бұл деректер өте дәлдеп айтпаймын. Алайда, батырдың 1922 жылы өлтірілгені шындық. Бұл зерттеуді керек етеді! – деді.
             Кездесуде аманкелділіктер тарапынан тыл және еңбек ардагері Ғ.Жүнісұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Уахитұлы, Аманкелді селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жанділдәұлы, зейнеткер Б.Нүрсейітұлы, «Аманкелді арайы» газетінің бас редакторы Х.Қ.Мұсабаев ғалымдармен Кейкі батыр туралы өздері білетін деректермен бөлісті. Ақиқат пен аңыз қоса өрілді. Сайып келгенде, конференцияға қатысушылар Кейкі батырдың ұлт азаттығы жолында ерекше ерлік көрсеткен батыр екенін айтты.
             Кездесуді «Ұлы Дала тұлғалары немесе қайта оралған рух» экспедициясының жетекшісі, белгілі ғалым Алмасбек Әбсадықов қорытындылады. Болашақта ғалымдар ақиқат пен аңызды таразылап, батыр туралы шынайы тарихи еңбектер жазатыны айтылды. Сайып келгенде, бұл Кейкі батыр туралы зерттеулердің басталғанын көрсетеді. Болашақта талай шығармалар туары анық.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓