Қостанайда салғырттығы үшін бес дәрігер сотталуда
Қостанай қалалық №2 сотында қалалық аурухананың бес дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қарала бастады.
Олар ҚР ҚК 114 бабы 2 бөлімінде қарастырылған қылмыс жасады, яғни кәсіби міндеттерін орындағанда салғырттық танытып, адам денсаулығына ауыр залал келтірген деп айыпталуда. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2012 жылы 18-қаңтарда жол-көлік оқиғасынан кейін 17 жастағы тұрғын Қостанай қалалық ауруханасына жеткізілді. Қыз балаға оң жақтағы қасының жарақаты, бас сүйек-ми зақымы және ми шайқалған деген диагнозы қойылды. Оташылар тексергеннен кейін науқас нейрохирургиялық бөлімге көшірілді.
«Зардап шегушіге екі күндей емдеу шаралары тағайындалмады, – делінген хабарламада. – Қыздың жағдайы күрделене түскенде, нейрохирургиялық бөлімшенің меңгерушісі оған қабылдауы тиіс дәрі-дәрмек жазып берген. Осыған дейінгі күндері хирург дәрігерлер науқасты қарамай, оны уақытында емдемеген».
Баспасөз қызметінде атап өткендей, дәрігерлердің осындай салғырттығы науқастың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізді.