Жан – дүние

Ayazbekov_7Жетпіс үш жастағы Естайға "жас жаным қарт тәнімді қимай жатыр" деп айтқызған қандай құдірет?! Қарап тұрсаңыз, Мона Лиза, яғни  әйгілі Джоконданың    мұқым адамзат баласының жүрегін жаулап алатынай сиқырлы сыры неде?! Ғасырлар бойы бұл  жымиыстың жұмбағы әлі шешілген жоқ.  Бір анығы –  күлімсіреген бет-жүзі   ішкі жан-сарайындағы әлдебір тылсым сырды, бейкүнә  тазалықты паш еткендей.. Соғыс психологиясын жіліктей келе ұлы Баукең (Момышұлы) "адамның жан дүниесі  – ұрыста ең қауіпті, көзге көрінбейтін қару" деген.

Анабір жылы "Қазақстан" ұлттық арнасы бейнеқордан С.Әшімбаевтың  "Қарыз бен парыз" хабарын қайталап көрсетіп,онда Д.Исабеков, Ф.Оңғарсынова, Б.Момыш-ұлы т.б пікір алысып жатты. Сонда марқұм  Бақытжан ағамыз бір сөзінде "Адамның жаны құдірет" деп қалды..

Заманауи көзқарастағы түрік ғалымы Фетхуллах Гүленнің пікіріне сүйенсек, адамзат түпкі жаратылысынан  ұзап кетті. Адамның жаны ластанды. Адам қадір- қасиетін тоздырып  барады. Шайтаннан бетер арсыздықтарға бой алдыруда. Махаббат пен сүйіспеншіліктің қадірін жоғалтты. Адамның жаны материаланды. Оқи берсең осылайша қара аспанды төндіріп, кейде мына дүниеден бездіріп жібергісі бар.

Абай-абыздың пайым көзімен бүгінгіге қарасақ, "адам" азайып, "толық адам" "дефицитке" айналып,  дүниені  шайқап-төгіп жүрген –  "пенделер" дәуірлеген заман. Күндерде бір күн Р.Акутагаваның  "Тозақ азабы"   кітабын оқып, оның бір  әңгімесін  қазақшаға  аударып  отырып, осынау жұмыр жерде  жан  әлемі   қиын-қыртыс,  тұрпаты   бөлек  халық  – жапондар екен ғой деп таңырқап  едім.

Жапондардың жан дүниесіне, ішкі бұлымына   найза  бойламайтын сияқты көрінді.  Өзгеден ерек  рухани танымы терең,  ойы ұшқыр, елгезек,  қағылез-ау, сабаздарың.  Әйтпесе, озық электроника,    адамның орнына құлтемір, ғажайып  технологиясымен  жер дүниені жайлап  алар  ма  еді? Бірақ бұлардың да ойшылдары  жапонның жан дүниесі лайланып барады деп мұңаяды.

Ал ел билеуде, халықты меңгеруде тақ  пен тізгінді ұстағандардың жан дүниесі қандай болу керек-ті.  Уистон Черчиль Шекспирден шешендікті үйреніп, оның туындыларындағы барлық корольдердің сөзін жатқа біліпті. Сол арқылы өзін де, ұлтын да қанаттандырып отырған. Осылайша ізгілік  аккумуляторынан қуат алған  Черчильдің талантына ағылшындар тәнті болғаннан    басқа, артынан жаман сөз  айтпапты.

Күні кешеге дейін жүрегіміз  – егіздей, тілегіміз  – теңіздей ұлтымыздың ішкі болмысы ерек болса керек. Жан дүниесі буырқана тасыған қазақ "оң тізесінің астында тұрған қайың сапты ақ қамшыны суырып алып, ысылдататын. Соңында бұрық еткізіп, қара жердің қыртысын бір тартады. Іштегі шерді, бойдағы кекті осылай басатын" (Б.Қайратұлы). Бұл да болса тәрбиелі әдеп пен ғадеттің нышаны.

Десек те әлемдік  жан дүние дағдарысынан аулақ қалмаппыз. Жақсыдан жаман туып, емі табылмай, жаманнан жақсы туып, теңі табылмай қор болып жүрген жайы бар. Бір қарасаңыз, "баланың өзі болғандай, келіннің өзі келгендей. Баланың сөзі батпандай, келіннің сөзі кетпендей"… "Бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып, жүз құбылған салт шықты".  Әйтсе де барлығынан түңіліп, теріс айналайын деп отырғанымыз жоқ. Шүкір, елде, күнделікті қасымызда жан дүниесінің шынайы  жылы нұрымен, қадір-қасиетімен баурап жүрген замандастарымыз бар.

Жан дүниеңіз шуақты, жылуы, қуатты болсын,  ағайын!

Жанұзақ Аязбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓