Жер-су атауларын қазақыландыруға не кедергі?

            Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстелдің тақырыбы “Астана – бейбітшілік пен келісім қаласы” болды. Облыс аумағындағы аудандардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, БАҚ өкілдері қатысқан отырыста облыстық ономастикалық комиссияның жұмысы, сондай-ақ, елді-мекендердегі көше және ауыл аттары және осы саладағы соңғы кездегі заңға енгізілген өзгерістер сөз болды.Переименование улиц
            Соңғы уақыттарда жер-су атауларының қазақыланып, тарихи атаулары қайтарылып жатқаны рас. Әбден орыстанып кеткен Қостанай өңірі үшін бұл жақсы бастама. Жасыратыны жоқ бастама болғанымен оған қарсы болып, өре тұратындардың да қатары аз емес. Десе де бастама бар, одан шығып жатқан нәтижелер де бар.
             Неліктен бүгінгі отырысқа Астана қаласы арқау болып отыр дерсіз. Себебі Астанада пайда болып жатқан шағын аудандар, көшелер бірден қазақылануда. Басқосуда сөз алған ономастика және көрнекі ақпараттар мониторингі бөлімінің басшысы Ж.Б.Науразбаевтың баяндамасынан көп дүниені ұғуға болады.
– Өздеріңіз байқағандай, дөңгелек үстелдің тақырыбы алдымызда келе жатқан Елорда күні мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр, бұл біздің де елдік мерекеге өзіндік үн қосуымыз сияқты. Мемлекеттің ұлттық сипатын танытатын ономастика саласы ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызға ие. Осы ретте, 2013 жылғы 21 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң талаптарына және Қостанай облысы әкімдігінің 2013 жылғы 20 мамырдағы № 194 қаулысына сәйкес Облыстық ономастика комиссиясы туралы Ереже бекітілді. 2017 жылғы 15 мамырдағы облыс әкімінің № 160 өкімімен кадрлық өзгерістерге байланысты облыстық ономастикалық комиссияның жаңа құрамы бекітілді. Аталған заңмен 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, – дейді баяндамашы.  
         Аудандар, аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде ономастикалық жұмыстарды жүргізу кезінде облыстық ономастика комиссиясы қорытындысының негізінде ғана шешім қабылдау көзделген. Сонымен қатар, ашықтық қағидатын орнату мақсатында, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау туралы шешімді тиісті аумақ халқының пікірі ескерілгеннен кейін ғана қабылдауға басымдық беріліп отыр.                                                                                       
         2015 жылы өңірімізде ономастика саласында айтарлықтай жұмыс жүргізілген.  Мысалы, қаладағы № 5 орта мектепке Бауыржан Момышұлының, Жітіқара қаласындағы № 9 орта мектепке Естай Есжановтың, Алтынсарин ауданы Обаған ауылындағы Юбилейная көшесі қайта аталып, батырға арналып бюст қойылған. Осы сияқты нақты мысалдар бар.
      Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін ұлықтау мақсатында кезінде қойыла салған көше атаулары Астана, Бәйтерек, Тәуелсіздік, Жастар сияқты атауларға ауыстырылған. Сонымен қоса мектеп атаулары да белгілі тұлғаларға арналған. № 9 орта мектебіне Ғафу Қайырбековтің есімі берілсе, Арқалықтағы музыка мектебі Бақытжан Байқадамовтың атымен аталады.
      –Қуаныштысы, мұндай жұмыстардың қатары аз емес. Соңғы екі жыл ішінде бұрынғы жылдарға қарағанда облысымыз бойынша атау берілген және қайта аталған объектілер мен көшелер саны аз да болса бар. Өкінішке қарай, бірнеше жыл қатарынан өңірімізде кездесетін ономастикалық атауларды ретке келтіру және байырғы атауларды жаңғырту мақсатында идологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи атауларға алмастыру, сондай-ақ объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулар беру көптен бері ұсынылуына қарамастан осы жұмыстың алға басатын түрі көрінбейді. Өздеріңіз білесіздер, республикамыз бойынша мемлекеттік меншіктегі мекемелерге, көшелер мен ауылдарға мемлекетіміздің қалыптасуына, еліміздің дамуына еңбегі сіңбеген, жергілікті жерлерде ғана танымал кісі есімдерінің жаппай берілуінің белең алуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасына сәйкес объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселелері 2016-2017 жылдар аралығында тоқтатылып қалған болатын. Бірақ ағымдағы жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту ұсынылып, бұл ретте кісі есімдерін беруді түбегейлі шектеу жөнінде барлық билік тармақтарына тапсырма берілген. Сондықтан жоғарыда аталған тұлғалардың есімдерін көшелерге беру қазіргі уақытта мүмкін емес болып отыр. Осы тапсырмаға сәйкес, басқарма облысымыздың аудандары мен қалалары әкімдеріне арнайы хат жолдаған болатын. Аталған тапсырманың жергілікті жерлерде нақты орындалуы бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. Бірақ бүгінгі келіп түскен мәліметтерге сүйенсек ешбір қала мен аудан осы Елбасының тапсырмасын орындауға тіпті кіріспеген болып отыр, – дейді Ж.Наурызбаев.  
         Осы орайда ауылдағы мектепке қалаған атауларын бере алмай жүрген Заречный селосының әкімі өз ойын білдірді.
–Ауылымызда қазақ мектебі ашылды, қуанышымызда шек жоқ. Сол білім ошағына тұрғындармен келісе отырып Ахмет Байтұрсыновтың есімін беруді ойлап, бір ауыздан келістік. Келісе отырып, құжаттарды тиесілі жерге жіберген едік. Бірақ, неше жыл болды, осы мәселе шешілмей келеді. Құжаттарды әр жіберген сайын түрлі жауап аламыз. Енді не істеуге болады? Тағы бір мәселе – қазір біздің мекенде қаншама үй салынуда. Сол баспана салынған көшелерді неліктен бірден қазақы атау беріп жібермейміз? Бұл тұрғындарға да жеңіл болар еді. Кейін үйдің құжаттарын қайта ауыстырып, екі жұмысты болмайды, – деп сауал тастады ауыл әкімі Қалибек Жұмашев.
Мұндай сауал Таран ауданы, Калинин ауылының әкімі Марат Шоңғаловты да мазалайды.
–Таран ауданын Би-ағаң, Бейімбет Майлиннің есімімен атағымыз келгелі қай заман. Қаншама мақала да жазылды, мәселе де көтерілді. Міне, қаншама жыл бұл мәселе шешімін таппай келеді, – деп орынды сауал тастады.
Мұндай сауалдарға мамандардың жауаптары да әзір. “Қазіргі кезде білгілі бір тұлға есімін беруге тыйым көп, оның орнына жалпылама мағына беретін атау ұсынуға болады. Әрбір  қала мен аудандарда идеологиялық тұрғыдан мағынасы ескірген және қайталанатын ауылдар мен көшелердің атаулары жеткілікті, осы орайда оларды тізбей-ақ қоюға болар. Егер осы бас қосудан соң аудандардағы ауылдарда ономастика саласында жұмыстар жандана түссе, ал оны жүзеге асыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ауылдық округтер әкімдері, зиялы қауым өкілдері тікелей атсалысатын болса, талай жақсы нәтижелерге қол жеткізеріміз анық. Сондықтан беріліп отырған мүмкіншілікті пайдаланып, осы жұмысқа кірісе отыра, төмендегідей шараларды жедел түрде жүзеге асыру қажет деп санаймын. Ал нақты бір тұлғаның атауын беру қазіргі кезде оңай болып отырған жоқ. Оған арнайы мониторинг жарияланып қойған. Десе де бірнеше жыл қатарынан талмай ізденген аудандар көздеген мақсаттарына жетіп отыр. Сондықтан қолға алған істі орта жолдан тастамау қажет, – дейді дөңгелек үстел басына жиналған мамандар.
Сонымен отырысты қорытындылай келе, жиналғандар мынадай ортақ мәмлеге келді:
1.ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, кеңестік сипаттағы атауларды тарихи жер-су атауларымен және дәстүрлі атаулармен өзгерту жұмыстарын жалғастыру;
2.Елді мекендердің тарихи атауларын қайтару мақсатында жергілікті ғалымдармен (тарихшы, географ, филолог,журналист, өлкетанушы және т.б.) жұмыс жүргізу;
3.Атауларды өзгерту кезінде қоғамдағы шиеленісуді азайту мақсатында аймақтың этникалық ерекшеліктерін, сондай-ақ айтарлықтай аз дау тудыратын «салмақты» атауларды есепке ала отырып, ірі нысандардың, үлкен көшелердің, елді мекендердің атауларын өзгертуді ірі мемлекеттік мерекелерге ұштастыру.
Осылайша, барша бірігіп, қазақ жеріне қазақы атауларды қайтаруға белсене кірісіп, атсалысуға асығуымыз қажет.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

1 Response

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓