“Тобыл” жеңіске жетті

Футболдан Olimpbet Қазақстан чемпионатының 10-турында "Тобыл" Қостанайда "Атырау" командасымен ойнап, жеңіске жетті.
Екі команда бұған дейін 56 мәрте кездесіп, "Тобыл" 30 рет жеңіс тойын тойласа, 13 ойын атыраулықтардың пайдасына шешілген. Қалған 13 матчта тең есеп тіркелген.
Тобыл-Аренада өткен кездесуде қостанайлықтар алғашқы минуттардан қарсылас команданы қос қапталдан қыспаққа алып, бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Алайда, алғашқы таймда есеп ашылмады.
Екінші таймда да атыраулық команда біразға дейін дес берген жоқ. Тіпті гол соғып кететін таза мүмкіндігі де болды. Қарымта шабуылдардың бірінде қақпашы Александр Мокинмен бетпе-бет шыққан Гжельчак мүлт кетті. 
Ойынға шыққан тың ойыншылар "Тобылдың" шабуылдағы мәселесін шешіп берді. Сексенінші минутта Серікжан Мужиков гол кіргізіп, жанкүйерлерді серпілтіп тастады. Негізгі уақытқа қосылған үш минутта "Тобыл" сапындағы француз легионер Жереми Манзорро екінші голды енгізді.
Кезекті үш ұпайға қол жеткізген қостанайлық команда чемпионаттағы екінші орынға мықтап орнықты. Әзірге бірінші орынды "Астана" бермей келеді. 3-4 орындарда – "Қайрат" пен "Тараз".

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓