Жол қашан жөнделеді?

Осы сұрақ Рудный қаласының жұртшылығын, әсіресе, көлік жүргізушілерін бір жарым айдан бері мазалап жүргені рас. Өйткені, қалаға Қостанай жақтан кіреберістегі Ленин көшесінің Марите көшесіне дейінгі қиылысында және Качарская көшесінің Ленин-Корчагин аралығындағы жолдың асфальті мамыр айының басында сыдырылып тасталды. Алайда осы уақыт аралығында жол жөндеу компаниялары тарапынан ешқандай қозғалыс байқалмайды. Есесіне, ашуға булыққан «темір тұлпар» иелерінің санында шек жоқ.2
– Соңғы бір айдың ішінде доңғалағым екі рет жарылды. Көліктің жүрістік бөлігі де жөндеуді қажет етеді. Таныстарымның айтуынша, тас жол Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Рудныйға келуіне орай жөнделу қажет болатын. Алайда оның іс-сапары Қостанаймен шектелгендіктен іс насырға шаппай тұрған шығар, – дейді қала тұрғыны Ербол Калимбердиев.3
Біз мәселенің анық-қанығын білу үшін әкімдіктің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әнуар Есқатовқа хабарласқан болатынбыз.
– Жылдың басында жол жөндеу жұмыстарына конкурс жүргіздік. Алайда жеңімпаз деп танылған мердігер компанияның құжаттамаларында өрескел қателіктер анықталды. Сондықтан компаниямен келісім шартты үзіп, оны сотқа бердік. Мамыр айының 25-інде қайтадан конкурсты жарияладық. Заң бойынша оның ұзақтығы 45 күнге дейін болуы мүмкін. Осылайша, қаланың бас «қақпасы» мен Качарская көшесіндегі жолдардың жөнделуі шілде айының басынан басталады. Айта кетерлігі, жұрт айтып жүргендей, бұл жолдардың жаңартылуы Үкімет басшысының сапарына еш қатысы жоқ, – деді Әнуар Қорғанбекұлы.1
Байқағанымыздай, жұрттың жол жөнделмей қалады деп дүрлігуінде еш негіз жоқ. Тек түсіністік пен сабырлық болса, жаңа асфальт төсеніші қала күніне дейін пайдалануға беріледі дейді мамандар. Ендеше, күтіп те көрелік.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓