Науқаналды даярлықтар пысықталды
Бүгін Затобол кентінің «Алтын дән» мәдениет үйінде «Егін 2015» облыстық агрономиялық кеңес өтті. Науқаналды даярлықтар пысықталып, өзге де мәселелер жан-жақты талқыланған ауқымды мәжілісті облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов жүргізді. Көрермен залында бос орын болмады: астықты өлкенің диқандары, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер, агроном-шаруалар – бәрі осында.
Көлемді кеңесте сөз алған облыс әкімі орақ науқанының маңызы аса зор іс екенін айтты. Білек сыбанар, тілек сыналар шаққа, күзгі дала жұмыстарына осы жылы еселі жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Мұнан соң, егін ору алдындағы ахуалмен таныстырмаққа, облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Базыл Жақыпов ортаға шақырылды.
-Облыс бойынша 1,5 млн. га жерге егін егілді. Бір есеппен алғанда, егіннің қазіргі қалпы жаман деуге келмейді. Әйткенмен, шілде айының соңғы онкүндігі Жітіқара ауданы мен оңтүстік аудандарға «соққы» жасап, алқаптар құрғақтық зардабын шекті. Дей тұрғанмен, ол да аса қасіретті емес. Өзге өлкелердегі нәтижелерге қарап орта есеп шығаруға болады. Яғни гектарына 10-11 центнер алу көзделіп отыр. Жалпы өнім 4,5 млн тонна болады деп болжамдануда,-дейді Б.Жақыпов.
Өткен жылғы ағаттықтар биыл қалайда сабақ болуы тиіс. Асты сызылған ағаттықтардың ішінде оптималды мерзім, техникалық қамтылым және астық сақтау қамбалары бар. Осы жолы қателікке жол жоқ екенін нығыздап отыр облыс әкімі. Біріншіден, егін ору жұмыстары 25 күнде аяқталуы тиіс. Ол үшін күніне 220 мың га жиналып отыруы шарт. Екіншіден, ағымдағы жылы 46 млрд теңгеге жаңадан 4 мың үр техника алыныпты. «Агронауқан» атты техника жәрмеңкелері ұйымдастырылыпты. Ал, енді астық сақтау, өңдеу нысандары аздық етеді кей аудандарда. Яғни кептіру агрегаты бәрінде бірдей жоқ, Бұл мәселені барлық аудан шешуі керек.
Мұнан соң Меңдіқара ауданының әкімі В.Ионенко қарағайлы өлкенің науқаналды әзірлігін баяндады. Ізінше «Иволга Холдинг» ЖШС директоры В.Розинов мінберге көтерілді. Ол астық бағасы туралы сөз қозғады. Нақ осының үлкен мәселеге айналуы мүмкін екенін айтты.
-Елдегі экономикалық ахуалдың әсері тиері даусыз. «Продкорпорация» қоятын баға параметріне иек артатын боламыз, не де болса. Арзандық шығыннан алып шыға алмай қалмаса игі»,-дейді ол.
Жұртшылық алдында «Механизация және ауыл шаруашылығын электрлендіру қазақ ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры В.Астафьев егін егу, баптау, жинау тәжірибелерінің кейбір тетіктерін тілтиек етті. Бұл, өз кезегінде, жас диқандар үшін дәріс сынды болды. Амангелді ауданындағы «Нұрай-Н» ЖШС директоры Б.Қабиев, «Қазгидромет» филиалының директоры М.Макенов баяндамалар тізбегін жалғады.
Кейінірек, кеңеске аудан-ауданнан арнайы келген қонақтар техникалық және бидай сұрыптарының көрмесін тамашалады. Дала төсін «емген» диқандар бір-біріне науқанның жемістілігін тілеп тарқасты.
Жандос Жүсіпбек