“Кәкімжаным он бірге келсе..”

"Ең болмағанда Кәкімжаным он бірге келсе, қатарға қосылып еңбек етсе, жетіліп кетер едік-ау!" – депті,  ері қаза болғанда көкірегі қарс айырыла аңыраған қосағы Жәмила. Сонда "Кәкімжаным"  деп отырғаны  –  бүгінгі күні жасы жетпіс бестен асқан, дала гладиаторы, жон жолбарысы, "көлқамыстық" Кәкімжан Кәрбозов жеті жаста ғана екен. Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен  тұңғышы Зейнепті емес, ұл баласын он бір жастан-ақ  діңгек көріп,  па-на тұтқан ана сөзінің астарына үңілсек, қазақтық  уыз қасиетті тани-мыз. Жәмила ананың осы бір ауыз сөзінен атам қазақтың сонау ықылым заманнан бері атадан-балаға мирас – бесіктен белі шықпай жатып-ақ,  ұл боп туған баласына отбасының тіреуіш, ер азамат, әулетін, елін, жерін қорғаушы деп таныған қанға сіңген міндет – парызы ақиқат өмірдің өзінен алынғанын тағы бір дәлелдеп отыр. "Ұл туғанда, күн туған" деген сөз тегін емес! 
сурет Аязбеков "Ұл бала еркі мықты, ержүрек әйелден туады", депті былайғы жұрт қазақтарды меңзеп. Десек те, адамзат баласында еркек кіндікті айрықша пір тұтатын жалғыз қазақ емес.  Түріктің  сұлтаны, Жапон самурайы, Еуропа рыцарі сияқты сонау ежелгі және бергі орта ғасырларда әр елдің өзіндік дәстүрлі жауынгерлік мектептері қалыптасқанына тарих куә. Қазақта ұлды отбасын асырауға: мал бағу, отын шабу, пана тұрғызуға дайындау өмірлік қажеттіліктен туған еді. Ұлтымыз батырлық пен бекзаттыққа тым ертеден бастаған. Бес жастан-ақ атқа отырғызып: мәрт, жомарт, намысқой және ержүректікке баулыған.. Хан Кене  құмға пышақ қадап қойып  бес жасар баласы Сыздықтың жүрек жұтқандығын сынапты. Ал Шоқанды әкесі үш жасынан хат тануға,  бес жасынан оқып-білуге үйреткен. Ал Абайды 13 жасынан  әкесі Құнанбай ел басқаруға баулығанын еске түсіріңіз. Есімі тарихта қайта жаңғырған ұлы батыр бабаларымыз: Қабанбай, Бөгенбай, Нау-рызбай, хан  Абылай он бір – он екіге қадам басқанда   жеке дара шыққан.  
Шешендік өнерде Төле би  жетіге толғанда ерек шығып, талай жасы үлкен атақты абыз билердің батасын алғаны,  он екі жасар Сырым жесір дауын шешкені, Абылай  ханның алдында: "Аймен аталас емеспіз, күнмен баталас емеспіз, бұлтпен туысқанымыз жоқ" –  шешендік сөзін бастайтын  он екідегі Байдалы би, он бестегі оғылан Қаз дауысты Қазыбектің Қоңтәжі ханға айтқан: "Біз қазақ деген елміз" деп бастайтын  алтын кесек сөздері ұлтымыздың жадында мәңгі қалған жоқ па?! Ендеше Жәмила ананың аузына  "Кәкімжаным он бірге келсе" деуінің негізі  тереңнің тереңінде.
Қазақ: "Балаңды 5 жасқа дейін хандай көтер, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, 15-тен асқасын досыңдай сырлас, сыйлас" деген. Қазақтың айтпағаны жеті қат аспанның арғы  жағында, немесе, жеті қат жердің астында. Бірақ өз айтқанын  өзі істеуге келгенде мойны әлі жар бермейді. Әйтпесе төрткіл дүниені  таңғажайып технологиясымен таңғалдырған  жапонның түрін қарасаңыз біз сияқты.(Жапондар түп атамыз Сақ дейтін көрінеді). Бірақ бізге ұқсамайтыны – тірлігі!   Шығыстанушы Шарафат Жылқыбаева былай деп жазады: "Ер бала беске, қыз бала жетіге толғанда ата-анасы оған арнайы кимоно кигізіп, храмға апарып, баланың амандық-саулығы үшін рәсімдер жасайды. Осы шараға арнайы ұлттық тағамдар пісіріледі. Бала ержетіп, жиырма бірге келгенде де осылай істейді. Бұл ең алдымен Ата-баба дінін бала жүрегіне ұялатып, бойына сіңіру. Ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалған. Ойын арқылы Жапон баласы ер бабасының ерлігін түйсініп, дана әжесінің шеберлігін ұғынады. Мысалы, "Карута тори"  деген ойынды кішкене баладан бастап, ересек адамдар да ойнайды. "Карута ториді" ойнау үшін байырғы әдебиеттен жүз жыр білу керек. Бұл жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Феноменді ми қабілеті осылай дамиды."  Бұл  тәртiпке –  құл, бұл болмысы – жанкештi елдің дәстүрі.
Кәкімжан ағамыз  Қостанайдан 600 шақырым қиырда жатқан "Көлқамысында"  "жұмақ" орнатып қойды. Пендеге керектің бәрі бар. Ауылдағылардың денінің кіндік қаны  сол жерде тамған. Олар көкелерінің  туғаннан жанкештілігін, он бірге келгенде әке үйінің түтінін тура түтеткенін біліп, көріп, өсіп келеді.
…Астана төрінде, Президенттің концерт залында ауылдан келген  жеті жасар қаршадай Жамбыл Дүйсенұлының "Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый" атты жыр кеші болды.  Еңбектеген баладан, еңкейген шалға дейін сонда, бұрын-соңды болмаған аншлаг.  Бала ақынның  саңқылдаған дауысымен  ақнөсердей  сабылта  төпелеген  өлеңдері сарайдың  кемерінен асып төгіліп  жатты!
"Болар бала  …".
 
Жанұзақ Аязбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓