Жапандағы жалғыз үй

жапандагы жалгыз уй

Қазір мал өсіргісі келетіндердің көбі мемлекеттің көмегінсіз қия баспайды. Мүмкін бұл да дұрыс шығар. Бірақ, үкіметтің қаржысына көзін сатпай-ақ, өздерінің  шама-шарқы келгенше шаруасын күйттеген азаматтар  да  жүр, арамызда. Солардың бірі науырзымдық Қали Зайытов.
Қали жастайынан малсақ боп өсті. Күні ұзаққа әкесіне қолғабыс ете жүріп,  үй маңындағы бар шаруаны еңсеріп әкететін. Бала жастан бойына сіңген сол қасиет,  есейе келе оның өз әжетіне жарады. Жарағаны емес пе, бүгінде ол  "Қайғыдағы"  шаруа баққан еңбек адамына айналды. Төңірегіне сыйлы. Ағайынның алдында абыройы асқақ.
Мойылды өзенінің Қайғы ауылы қоныс тепкен тұсы төрт түлікке таптыртпайтын мекен. Шөбі шүйгін, суы бал татитын, нағыз мал өсіруге қолайлы өңір.  Сондықтан, Қалидың  бұл маңнан еш қозғалғысы келмейді. Ауыл орталығы анадай жерде.  Екі ара бес шақырым. Қысқасы, ештеңеге мұқтаж емес.
Қалидың қорасынан күнделікті 100 шақты қой-ешкі, 35-40 сиыр, 20-дан астам жылқы өреді. Оларды ешкім бағып жатқан жоқ. Мал біткен ен далада емін-еркін жайылады. Бұлар ұсақ малға анда-санда көз салып қояды. Қайткенмен де құла түзде жортқан бірлі-жарым ит-құс болмай тұрмайды.  Ертемен өріске кеткен қара мал да кешкісін күйісін қайырып, жатар орынға өздері оралады.
бие сауу– Бұл ара мал бағуға ыңғайлы. Түлік тез қоңданады. Өзіміздің адал ақы, маңдай терімізбен өсірген мал болған соң, қыстайғы күтіміне де ерекше мән береміз,– дейді Қали бізбен әңгімелескенде.      – Осында әбден бауыр басып кеттік. Қалаға көшу туралы ойласқан емеспіз. Өйткені, онда дайын тұрған жұмыс жоқ. Ал, мына маң дала бізге ыстық. Зауқайыр қалаға бара қалсақ, кеткенше асығамыз.
Қали отбасында бес қыздың ортасында өскен жалғыз ұл.  Бәрі де өз жөндерін тапқан. Солардың соғымын үлгертіп,  қатынаған сайын  құрт-майын, қымызын апара қояды. Қажет кезде қойын сойып береді.
Ал, өзі күнделікті малдың артығын етке өткізіп, қыстайғы жем-шөбін, отын-суын түсіріп алады. Балаларының киім-кешегі, азық-түлік те осындай жолмен келеді. "Мал өнімдерін оңтүстік облыстардан келген  кәсіпкерлер сатып алады. Малдың күйі болса, жақсы бағаға өтеді. Ешбірін арзанға саудалап көрген емеспін. Қайта Қостанайда ондай бағаға өткізе алмайсың", – дейді сөз арасында.
Біз Қалимен кезекті бие сауымының кезінде кездестік. Бұлар әзірге үш-ақ бие байлап отыр. Өздеріне,  келімді-кетімді кісілерге жететін көрінеді.
Қалидың жары – Аят Айдарбекқызы де осы араның тумасы. Ата-анасы Қостанай ауданына қарасты Глазуновка ауылында тұрады. Біз барғанда балалар үйде жазғы демалыста жүр екен. Қаладан жиен-немерелер де қыдырып келіпті. Жаздыкүні таза ауада демалып, суға шомылғанға не жетсін! Қаланың балалары емес пе, ауылдың құрт-майын, қызара бөртіп піскен ыстық бауырсағын, қымызын аңсайды. Ауылға үш ай демалыс сайын келгендіктен шығар, бәлкім.балалар
Айтпақшы, суға шомылады дегеннен шығады, осыдан екі жыл бұрын Аят аяқ астынан ерлік жасаған еді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары да тәптіштеп жазған болатын. Облыстық "Қостанай таңы" газеті де Аяттың көзсіз ерлігіне өз бетінен ойып тұрып орын берді. Қапелімде суға батып кеткен үш қызды тілсіз жаудың құрығынан құтқарып қалған қайсар келіншектің ерлігін қалай дәріптесе де артық емес. Сол күнгі оқиғаны Аят әлі күнге есінен шығармапты. Бірақ, оны  әлсін-әлсін әңгімелей беруге құлықты емес. "Мен оны пәлендей ерлік деп санамаймын. Құлындаған дауыстары шығып, көмекке шақырғанын  естігенде қалай дәтің шыдап тұра аласың.  Жуып жатқан кірімді тастап, суға қойдым да кеттім. Қарап тұратын уақыт қайда?!" Қарапайым ауыл тұрғыны осылай дейді. Біз Қалидың отбасымен қоштасып, Қайғыға қарай бет алғанымызда Аят та шелегін қарына іліп, бие саууға кетіп бара жатты.  Жапандағы жалғыз үйдің күнделікті тірлігі осындай.
Әлібек ыбырай
Суреттерді түсірген автор. 

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓