Экс-әкімнің жазасын өтеу мерзімі қысқарды
ҚР Жоғарғы соты Қостанайдың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтың жаза өтеу мерзімін қысқартты, деп хабарлайды "Алау" арнасы. Бұл туралы ақпаратты Ахметжановтың адвокаты Константин Геращенко да растап отыр. Оның айтуынша, бұған дейін айыпты деп танылған экс-әкімнің шағымы 20 маусым күні Жоғарғы сотта қаралған.-А.Ахметжановқа 4 баптың 366 тармағы бойынша "ірі көлемде пара алды" деген айып тағылған болатын, алайда оған дәлел жоқтығынан алынып тасталды. Оның үстіне, рақымшылық көрсетілді. Жарлық әлі шыққан жоқ, шешім кеше ғана қабылданған, бірақ мерзімі 13 жылдан 6 жылға дейін қысқарады,-дейді адвокат. Сондай-ақ, мұнымен тоқтап қалмайтынын да айтты.
– Қазірдің өзінде қыруар жұмыс атқардық. Бірақ біз әлі де күресетін боламыз,-деді ол.
Еске салайық, былтыр атышулы "әкімдіктегі үлкен істен" соң айыптыларға 2016 жылы сот үкімі шыққан болатын. Алайда, апелляция алқасы кейбіреулердің жазасын жеңілдеткен. Бұл қылмысқа қатысы бар бұрынғы әкімнің экс-орынбасары Мақсұт Қалиев пен Гагик Ованян қазір бостандықта жүр.