Қыстың қамы
Бүгінде Рудный қаласындағы «Рудный жылу желілері» ЖШС қызметкерлері Ленин көшесі мен Комсомольский даңғылының қиылысында құбырды ауыстырудың ерекше тәсілін қолданып келеді. Ерекше дейтініміз, барлық жөндеу жұмыстары жердің астында, жолдың асфальт төсенішіне нұқсан келтірмей жасалынуда. Жоспар бойынша мұнда диаметрі 530 мм, ұзындығы 390 метр келетін магистралді ыстық су құбыры жаңасына ауыстырылу қажет. Ол үшін серіктестік мамандарына үш апта уақыт берілген.
– Жөндеу жұмыстары қаланың басты көшесінде жүргізілгендіктен тұрғындарға қолайсыздық туғызбас үшін асфальтқа тиіскен жоқпыз. Жерді қазып, құбырды шахталық әдіспен ауыстырып жатырмыз. Сондай-ақ жаңарту барысында ыстық су ажыратылмайды, – дейді серіктестіктің учаске басшысы Владимир Бордоносов.
Маманның айтуынша, жұмыстың күрделілігіне қарамастан барлық технологиялық параметрлер сапалы орындалуда. Компания дәл осындай әдісті басқа учаскелерде де қолдануды жоспарлап отыр.
– Келесі жөндеу нысанымыз Корчагин көшесінде орналасқан. Біз оның Мира көшесімен қиылысында диаметрі 720 мм келетін құбырды ауыстырамыз. Бұл да магистралді желіге жатады, – дейді Владимир Петрович.
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, жазғы жаңарту жұмыстары күзге дейін жалғасатын болады. Осы уақыт аралығында ұзын саны бір жарым шақырым магистралді және 8 шақырым кварталдық желілер ауыстырылмақ. Барлық жұмыстарды ойдағыдай аяқтау үшін «Рудный жылу желілері» ЖШС 100 миллион теңге бағыттаған. Тағы 40 миллион теңге Еуразиялық Топтың инвестициялық бағдарламасы шеңберінде бөлінеді деп жоспарлануда.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ