20 жұмыс орны ашылды
Қостанай қаласындағы қатаң режимдегі УК 161/2 мекемесінің өнеркәсіп базасында корпустық жиһаз жасайтын және тас төсеуіш өндіретін цехтар ашылды. Жазасын өтеушілер еңбекпен қамтылып, сырттан келіп түскен тапсырыстар бойынша жұмыс істеуде.
Мекеме ауласындағы корпустық жиһаз цехы "Еңбек-Қостанай" РМК бастамасымен ашылды. Шағын ғана өндіріс орнын салуға 17 млн теңгедей қаржы шығындалған. Қазір он шақты сотталған азаматты жұмыспен қамтып отыр. Ай сайын төленетін жалақы мөлшері – 19-25 мың теңгенің айналасы.
– Жұмыспен қамтылған жазасын өтеушілердің барлығы да осы жерде он ай кәсіптік білім алды. Қолдарында сертификаттары бар. Онымен тіпті бостандыққа шыққаннан кейін де кез келген азамат сәйкесті кәсіппен айналыса алады, – дейді Колония басшысының жалпы мәселелер және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Инна Каркавина. – Әрине, жұмыстың өзі тапсырысқа байланысты болады. Дәл қазіргі уақытта жұмысшылар Арқалық педагогикалық колледжіне жиһаздар жасаумен айналысуда.
Тас төсеме әзірлеу цехының ашылуына да "Еңбек-Қостанай" РМК мұрындық болды. Жұмыс істеп жатқанына аптадай ғана уақыт. Құрылғылар Ресей мемлекетінің Златоуст қаласынан алдырылған. Сондай-ақ, сол жақтан арнайы маман келіп, бес жазасын өтеуші азаматқа кәсіптің қыр-сырын үйретіпті. Тәлімденушілер тағы бес адамды машықтандыруда. Цех шебері Рустам Құрманов алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейте түсіп, екі ауысымда жұмыс істеу жоспарда барын айтады.
– Жалақылары – 20-25 мың теңге. Жазасын өтеушілер үшін жақсы табыс емес пе. Құр қарап жатпай, қоғамға да пайдасы тиеді. Мәселен, қазір жұмысшылар облыс орталығындағы Абай даңғылының жолына қажетті қырлы кеспе тастар әзірлеп жатыр. Бір ауысымдағы өнімділік – шамамен, 100 шаршы метр, – дейді бас шебер.
Жалпы, бүгінгі таңда мекеме аумағындағы өнеркәсіп базасында 15 шақты кәсіпкер сотталған жандарды іске үйретіп, жұмыспен қамтып отыр. Олардың қатарында өңірге белгілі "Adlen KST", "КБК Group" ЖШС-тері, "Тасмағамбетов", "БАК", "Ануфриев" жеке шаруашылықтары бар. Темірден түйілген, ағаштан жонылған, қауырсыннан құйылған бұйымдарға қарасаңыз, көз тоймайды. Қатардағы жазасын өтеушілердің емес, кәнігі ісмерлердің қолынан шыққандай. Мұны облыстық әкімдік және БАҚ өкілдері арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы тамашалады.