Қайырымдылық қашанда қажет
Жер-жерде өткізіліп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясынан қостанайлық атымтай жомарттар да қалыс қалар емес. Мәселен, осы жоба аясында Қостанай облысы бойынша 3 мың оқушы биылғы оқу жылына әзір отыр. Бюджеттен 2,8 млн.теңге бөлінген болса, жеке кәсіпкерлер мен қарапайым қайырымды жандар 22,3 млн.теңге көлемінде қаржы жинаған. Биыл бұл жоба «Бақытты балалық шақ мекені» атты ұранымен өткізілуде. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, осы орайда игілікті акцияға атсалысқан ұйымдарды тізе кеткенді жөн санадық. Олар: Қостанай қаласындағы «Мегастрой» ЖШС, «Батыр», «Оазис» дүкендері; «Халық банк» АҚ, «Аманжол-Агро» ЖШС, «АБЗ», Сарыкөл аудандық «Сенаты», Қамысты аудандық салық комитеті.Осы «Мектепке жол» акациясына Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те өз үлесін қосты. Аймақ басшысының жеке қабылдауында болып қайтқан Темірлан мен Әзизаның қуанышында шек жоқ. Ол екеуі де әжелерінің қолында тәрбиеленуде. Темірланның анасы сырқатының салдарынан төсек тартып жатыр. Жыл сайын оларды мектепке даярлау мұң боп тұр. Бұған қарамастан, қос жеткіншектің оқу үлгерімі көш ілгері. Бұл жағдайдан хабардар болған өңір басшысы екеуін осындай сыйлықтармен қуантқысы келген екен.
-Темірлан мен Әзизаның оқуы жақсы, оның үстіне спортпен де шұғылданатынын білдік. Мен Темірланға онымен шахмат ойнауға уәде бердім. Алдағы уақытта бұл да болады. Бүгін оларға көрсеткен қолдауымның арқасында олар одан сайын арқалана түседі деп ойлаймын. Олдарың сыныптастары да үлгі тұтуы тиіс. Ең бастысы, еліміздің елеулі азаматтары болып өссе деймін,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.