Мылтықтың алдындағы монолог
Абылай Мауданов
Бейімбет Майлиннің рухына тағзым
Қара нардай көтеріп ауыр сынын,
Қоғамымның шертіп ем зарын, сырын.
Қиянаты қайырды-ау қанатымды,
Қара қанға малшынып қауырсыным.
Жеткерем деп жұртымды жарыққа бір,
Қаздым білем өзіме алып қабір.
Тарих – төре таразы, екшеп алар,
Табанында езгенмен тамұқ-дәуір.
Жөргегінде тұншыққан шер-налаға,
Елдік үндеу тастадым кең далама.
"Құдайы жоқ" дәуірге құрбан болған,
Құдайым-ау, жалғыз-ақ мен ғана ма?!
Терген жоқпын тұрмыстың мен кемісін,
Уақытты ермек етпедім ертек үшін.
Кемшілігін сынадым, кесірлігін,
Кемелденер елімнің ертеңі үшін.
Сезінсем де заманның салмағын көп,
Тәуекелде тайсалып қалғаным жоқ
Ұл боп туып, ұлтыма қызмет еттім,
Ұлы жолда жан берсем арманым жоқ.
Қайран халқым, қор болған бағы жанбай,
Тар қыспаққа тап келдің тағы қандай?!
Адамзаттың кеселін қаламыммен
Арамшөпше отадым бағбандай.
Дәуір туды деп сендім жаңа, азат,
Ауыл гүлдеп, болар деп дала ғажап.
Қызыл, ақ деп қайтемін қыздырмалап,
Сен қымбатсың мен үшін қара қазақ!
Тәңір өзі артқасын ұлы міндет,
Ажал-жендет салса да құрығын кеп
Бассүйекті бытыра тескенінше,
Қасқаярмын "Қазақтың ұлымын!" деп.