Жағада тұрмын жабырқап
Абай Қажи
Әулиекөл ауданы
Бейімбет Майлин рухына
Томаға тұйық жан едің,
Тұнжырап тұрған жанарың.
Тобылдың бойын торлады ой,
Тірлікке жіті қарадың.
Кедей-кепшікпен сырлас та ең,
Колхоз құруды қоштапсың,
Ілияс сынды құрдас пен
Сәкендей сері дос таптың.
Жедің де қамын жарлының,
Дауылға тостың төсіңді.
Жазумен өтті бар күнің,
Қағаздан алдың өшіңді.
Сенімің – нұрлы болашақ,
Серігің – түнде құс жолы.
Шабыт пен еңбек ұласад,
Босамас жазу столы.
Жауратты жанды жел өті,
Түбіне ойдың жете алмай.
Құныға сордың темекі,
Тағдырдан тайқып кете алмай.
Іліндің жала оғына,
Бәйгені бермес тұлпарым,
Аямад тағдыр оны да,
Қиылды қызыл сұңқарың.
Қансырап жатты атырап,
Қыршыннан кетіп құлады ер,
Бұйырмай елден топырақ,
Шығандап шықты Құлагер.
Жағымпаз жазғыш шулаған,
Арызға сенгіш бәрі де,
Күйзелтті сені қу заман,
Раушандардың көз жасы.
Заманның қайтып ызғары,
Шамшырақ жанды түндерде.
Қазақтың жетсін қыздары,
Жетпеген Шұға күндерге.
Алынса асу көңіл шат,
Алынбай алда көп іс тұр.
Құрымбайларың – коммерсант,
Мырқымбайларың – министр.
Жыл озған сайын биіктеп,
Барасың, аға, үстем боп.
Елекең халық әртісі,
Сахнадан "Жалбыр" түскен жоқ.
Қалдырып кеткен мұраңа,
Сусындап жатыр жас ұрпақ.
Өзіңді аңсап, Би-аға,
Жағада тұрмын жабырқап.