Мұқағалиға арналған әдеби караоке
Қостанай қаласындағы Н. Островский атындағы кітапханада қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби караоке өткізілді. Мәдени іс-шараның ерекшелігі жетерлік. Көрермендер арасынан орындаушылар шығып, ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Әуен ойнасымен, мәтінін жатқа білетін кез келген ерікті адам орнынан суырылып тұруы тиіс болды. «Сәби болғым келеді», «Сенің көзің», "Жапырақ-жүрек жас қайың" сынды көптеген әндер орындалды, жиналған жұртшылық ұйып тындады. Кім-кімнің болмасын жүрегінен орын табатын Мұқағали ақынның өлеңдерін жаңылыссыз айтқандар көп. Оның лирикаға толы шығармашылығы іс-шараға келгендердің көңіліне ұялады. Сондай-ақ, тиісінше, ақынның өмірбаянынан сыр шертіліп, таңдаулы өлеңдері оқылды.
Шара барысында «Әр өлеңі – бір әлем» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. М.Мақатевтың 13 кітабы көрмеге қойылған. Тіпті, ақынның ағылшын тіліне аударылған өлеңдері де жатқа оқылды. «Арыз жазып кетейін», «Пай, пай, өмір!», «Махаббат диалогы» сынды өлеңдерін студенттер шағын көрініс түрінде көрсетіп, нақышына келтіріп оқып берді.
«Қазақ радиосының» алтын қорында сақталған Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқылған өлең жолдары да көрермен қауымның назарына ұсынылды.