Жалындаған жастық шақ
Облыс әкімдігі алдындағы алаңда мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара өтті.


–Қадірлі мектеп бітіруші түлектер, ұстаздар, ата-аналар! Барлықтарыңызды бүгінгі салтанат күнімен құттықтаймын. Жас түлектер, бүгінде сіздер білім шыңдарын бағындыра отырып, қуанышы мен қызығы мол мектепті қалдырып отырсыздар. Алдарыңызда үлкен жол тұр. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: "Болашақта табысты болудың, бәсекелік қабілетті болудың басты себебі де білім", – деп атап көрсеткен болатын. Тобыл-Торғай өңірі білім мен ғылым саласын дамытуға аса көңіл бөледі. Себебі оның бастауында ұлы ұстаз Ы. Алтынсарин тұр. Ол алғаш рет балаларға арнап мектеп ашты. Біздің мектеп түлектері биыл жаңа форматтағы қорытынды емтихан тапсырды, енді ҰБТ тұр. Білім сынағын жақсы тапсырады деп ойлаймын,-деді облыс әкімі.

Содан кейін өз сөзінде аймақ басшысы облысымыздағы мектеп оқушыларының оқу жылында жеткен жетістіктері мен табыстарын қысқаша айтып өтті. Ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады. Сол секілді салтанат барысында облыс әкімі «Алтын белгі» иелерін құттықтап, оларға марапат белгілерін табыстады. Осы арада айта кеткеніміз жөн, үстіміздегі оқу жылында мектеп бітіруші түлектердің саны төрт мыңнан асады. Олардың 113-і – «Алтын белгі» иегерлері. Ал, Қостанай қаласындағы «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – он бес. Облыс әкімі қолынан «Алтын белгі» марапатын алғандардың қатарында С.Мәуленов атындағы гимназияның, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлектері де бар.
Салтанат соңы аспанға шар ұшырумен, әсем би музыкасымен аяқталды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай