“Біз спортты қолдаймыз!”

Осындай ұранмен Рудныйда балалар үйлері арасындағы 4-ші аймақтық спорт фестивалі өтті. Биылғы спорт мерекесі кеншілер қаласының 60 жылдығына арналып отыр. Жерлестеріміз Есіл, Петропавл, Ақтөбенің Алға қаласынан келген жастармен баскетбол, теннис және биллиард ойындарында жолығып, өзара бақтарын сынады.теннис
Балалар үйлері арасындағы алғашқы спорт фестивалі 2013 жылы Рудный балалар үйінің 55 жылдығына арналып өткізілді. Ол кезде жарысқа Рудныйлық балалар үйі мен коррекциялық мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, Қызылжар мен Есілден келген спортшылар қатысқан болатын. Өткен жылдан бастап фестивальге Ақтөбелік жеткіншектер де қосылды. Жарыс бағдарламасы бойынша ақыл-ойды, мергендік пен ұшқырлықты қажет ететін биллиард ойыны «Снежинка» клубында өтті. Оған 18 үміткер қатысты. Жарыстың бас төрешісі Анатолий Кудрявцевтің айтуынша, жерлестеріміз 3 жыл қатарынан 1-орынды ешкімге бермей келеді. Биыл да жеңістен үміті зор.
– Жарыстарды өткізу үшін, алдымен, жаттығатын арнайы орын қажет. Біздің балалар үйінде бір ғана биллиард столы бар. Ал үйірмеге қатысатын балалардың саны орта есеппен 15-16. Соған қарамастан соңғы 4 жылда 5 спорт шеберлігіне үміткерді дайындадық. Оның төртеуі ұл, біреуі қыз, – дейді ол.
Фестиваль аясындағы ең қызықты, әсерлі спорт додасы – баскетбол жарысы. Алғашқы кездесуде Ақтөбе Есілдің командасын 32-29 есебімен артқа тастады. Одан кейін алаңға Рудный мен Петропавлдың баскетболшылары шығып, жерлестеріміз қарсыласынан айласын асырды.
Спорт мерекесінің қорытындысы бойынша баскетбол жарысында 3-орынды Петропавл, 2-орынды Алға, ал 1-орынды Рудныйлық балалар үйінің командасы жеңіп алды. Теннис пен биллиардта да жерлестерімізге жететін жан болмады. Осылайша Рудныйлық спортшылар 3 спорт түрінен де алғаш рет үздік шығып, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓