Өзгеге өмір сыйлаған

Хирургия саласында жүрген дәрігерлердің еңбегі қашанда ерен. Мына суреттегі қолы шипалы оташы әрі өз ісін жетік меңгерген білікті маман Құралбай Асановты облыс жұртшылығы жақсы таниды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осындай жауапкершілігі зор саланы арқалап жүрген абзал жанның өзімен тілдесіп, оташы  мамандығының қыры мен сыры жайлы сұрап білген едік.IMG_7358Жауапкершілігі зор мамандықтың жүгін арқалап жүрген дәрігерлердің денінен “бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?” деп сұрасаңыз, көбісі отбасында анасының, не әкесінің ауыр науқасқа шалдыққанын көріп өскендіктен осы саланы өмірлерімен ұшстастырғандарын айтып жатады. Біздің кейіпкеріміз Құралбайдың да дәрігер болуына қарындасының ауыр науқасқа шалдыққаны себеп болған көрінеді. Әрі ертеректе марқұм болған әкесі Қарлыбай да тірі күнінде ұлының дәрігер болғанын қалаған. Арқалық қаласындағы А.Құнанбаев атындағы №6 мектепті қызыл дипломмен бітірген ол осы арманының жетегімен Астанадағы медициналық академияның емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, 2006 жылы қалаған мамандығын алып шығады. Сол жылы облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде интернатурадан өтіп, алғаш еңбек жолын да осы ауруханадан бастаған жас дәрігер бүгінде өз ісінің майталман маманына айналды. Міне, он жылдан аса уақыт көлемінде табан аудармай облыстық ауруханада аянбай еңбек етіп келеді. Ұстазы, өңірімізге белгілі оташы Қанат Әбілдин ағасының арқасында ол көп нәрсені үйреніп, өзгелердің дертіне шипа бола білді. Осы жылдар ішінде ол екі жарым мыңнан астам адамға ота жасап, бес мыңға жуық операцияға қатысқан.IMG_7382Ол қызмет атқаратын облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде жылына мыңнан астам ота жасалады. Әрине, оның бәрі алдын ала жоспарланған операциялар емес. Апат айтып келмейді, сондықтан көбіне кезек күттірмейтін шұғыл  оталар да болады. Адам жанының арашасы ретінде медициналық пышақ пен инені өзіне серік еткен кейіпкерімізден мамандығының қызығы мен қиындығы жайлы сұрағанымызда ол бірден бұл саланың аса жауапкершілік пен біліктілікті талап ететіндігін айтып, ағынан жарылды.
Жасыратыны жоқ, жұмыс қиын. Хирург болу оңай емес, өйткені бұл саланың жүгі де, жауапкершілігі де ауыр әрі адам ағзасының түрлі бөлігіне ота жасау кезінде бізге жүктелетін міндет те зор. Басқарлардай емес, біздің жұмысымыздың да нәтижесі тікелей операция үстелінде шешіледі. Сондықтан, міндетіміз адам өмірін сақтау болған соң, күн-түн демей шұғыл науқастарға жәрдем көрсетуге тырысамыз. Бірақ, мамандығың ұнаса, жақсы көрсең қиындығына қарамайсың. Бастысы, жұмысыңа мұқият болып, әр науқастың көңілін, тілін таба білу қажет. Бұл кез келген дәрігер үшін таптырмас қасиет. Интернатура кезінде ең алғаш соқырішекке ота жасағыным да әлі есімде. Әрине, оқып жүргендегі тәжірибе бөлек те, жұмыс істеп жүріп жаны бар адамның денесін пышақпен кесу мүлде басқа нәрсе. Ол кезде жаңадан бітіріп келген маманбыз, тәжірибеміз де жоқ еді. Дегенмен, ұстазым Қанат ағамның әрі өз мамандығыма деген құлшынысымның арқасында оташылықтың қыр-сырын меңгеріп, қиыншылығы мен қызығы мол қызметке осы күндері қалыптасып, үйренісіп кеттім, – дейді білікті дәрігер Құралбай Қарлыбайұлы.
Ең күрделі әрі ұзақ уақыт жасаған отаны да ұмыту әсте мүмкін емес. Өткен жылдың шілде айы болатын. Кезекті кезекшіліктің бірінде Ұзынкөл ауданынан жас хирург хабарласты. Ауыр халде жарақатпен түскен науқасқа шұғыл ота жасау қажет болған. Науқасты оқиға кезінде жәбір көрсетуші орақпен ұрған көрінеді, соққының күштілігі сондай, сырқаттың бауыры, өкпесі, бүйрегі, он екі елі ішегі мен ұйқы безі де зақымданған. Содан, Құралбай бастаған жедел дәрігерлік топ дереу санавиациямен аудан орталығына жетеді. Білікті оташының көмегімен түнгі 12-ден басталған операция таңғы 5-те аяқталады. Сәтті операцияның арқасында науқас аман қалып, бір айдың ішінде қатарға қосылады.
-Жүгі ауыр бұл жұмыста нешетүрлі жайттарды бастан өткересің. Бір кезекшілікте отырғанда әлгіндей оқиға кезінде жараланған науқасты алып келді. Өкпесіне пышақ сұғылған, ал өкпеге ота жасайтын токоральды хирургтарды күтіп отыра алмайсың, себебі ажал аузында жатқан науқас сені күтпейді. Содан шұғыл түрде ота жасамақшы болып өкпені ашқаным сол еді, қан деген субұрқақ тәрізді атқылай бастады. Жүрек те зақымдалған екен. Кардиохирургты да күтейін десем, қан жоғалса науқастан айырылып қалуымыз мүмкін. Содан қан атқылаған тұсты қолыммен басып тұрып, өкпені де, жүректі де тігіп ота жасағаным да әлі есімде. Абырой болғанда, науқас та аман қалды, – дейді жұмысының қиын сәттерін еске алған дәрігер Құралбай Қарлыбайұлы.IMG_7381Жалпы, медицинаның қай саласы болмасын оңай емес. Құралбайдың айтуынша, бірақ хирургия саласы өте күрделі әрі жауапкершілігі зор әрі қауіпті сала. Хирург болу үшін асқан төзімділік те қажет. Сондай-ақ, қазір медициналық оқуға түсіп, осы хирургияны таңдап, кейін басқа салаға ауысып кетіп жатқандары да баршылық. Сондықтан, ең бастысы, бұл мамандыққа деген адамның ынтасы болуы қажет, ынта болмаса хирургияны игеріп әкету мүмкін емес дейді ол. Әрі жоғары біліктілікті талап ететін сала болғандықтан, заманауи технологияларды да меңгеру оташылар үшін басты талап.
-Бұрынғыдай емес, қазір еліміздің медицина саласында көптеген оң өзгерістер орын алуда. Бұл салаға қаншама қаражат құйылып, ұлт саулығы жолында қаншама игілікті істер атқаралып жатыр. Біздің облыстық аурухананың да материалдық-техникалық базасы еліміздегі мықты деген емдеу орындарынан еш кем емес. Облыс әкімі де біздің өңірдің нейрохирургия саласының дамуына үлкен үлес қосып жатыр, жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар алуға да көмек қолын созуда. Қазіргі таңда дәрігерлердің біліктілігін көтеруге де баса ден қойылуда. Шетелден не өзіміздің елден болсын, білікті дәрігерлер келіп мастер класс өткізу де жақсы дәстүрге айналды.  Жақында еліміздегі А.Сызғанов атындағы хирургиялық институттың профессолары бізге келіп, мастер класс өткізді. Әрине, мұндай мастер кластардың көмегі өте көп. Дегенмен,  менің алдымдағы басты мақсатым – шетелде білімімді жетілдірсем деймін, – дейді Құралбай Асанов.
Бүгінде Құралбай бірінші дәрежелі оташы. Еңбектегі жетістіктері де аз емес. Асылы, ол үшін ең бірінші қуаныш марапат емес, ол үшін ең жоғары жетістік – алдындағы науқасының ауруынан құлан-таза айығып, шын көңілінен алғыс айтуы. Айтпақшы, оның жұбайы Айгүл де дәрігер екен. Затоболдағы туберкулезге қарсы диспансерде дәрігер-лаборант болып жұмыс істейді. Үш ұл тәрбиелеп отырған қос дәрігер перзенттерінің де өздерінің жолын жалғап, дәрігер болғанын қалайтынын жасырмайды.5vx911cK3q4Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Біз де барша ақ желеңді абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауыр да абыройлы қызметтеріне сәттілік тілейміз!
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай
 

You may also like...

3 Responses

  1. Жолдас айтты:

    Құреке жарайсын???

  2. Қолқоюсыз айтты:

    Қолыңыз дерт көрмесін 

     

  3. Қолқоюсыз айтты:

    Қолыңыз дерт көрмесін. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓