Қостанайлықтар 1825 ескі көлік өткізген
2016 жылдың 21 қарашасы мен 2017 жылдың 13 маусым айы аралығында, елімізде тозығы жеткен көлік құралдарын ынталандыру бағдарламасы бойынша, ӨКМ Операторының қабылдау бекеттеріне 23 030 автокөлік тапсырылды.
Ескі көліктерді тапсыру жөнінен Қостанай қаласы Шымкенттен кейінгі екінші орында тұр. Оңтүстікқазақстандықтар 2 980 автокөлік өткізген. Ал қостанайлықтар 1 825 жарамсыз автомашина тапсырыпты. Алматы облысы (Талдықорған) (1 597) үшінші орында.
Бағдарламаға қатысып, ескі көлігін тапсырғандарға 1 санат бойынша (150 мың теңге) жалпы сомасы 3 440 700 000 теңге ақшалай өтемақы төленді (22 998 көлік). Екінші санат бойынша (48 мың теңге) 1 536 000 теңге (32 көлікке) аударылды.
Жоюға тапсырылған көліктердің қатарында «Жигули», «Москвич», «Волга» сияқты кеңестік кезеңде шыққан машиналармен бірге, жарамдылығы біткен шетелдік көліктер де тапысылуда. Айта кетейік, тапсырылған ең ескі көлік – 1946 жылы шығарылған «Москвич» автокөлігі. Оны Семей қаласының тұрғыны өткізген. «Жылы жаңа» деген көліктердің соңын 2014 жылы шыққан «Лада 21901» автокөлігі түйіндеп отыр. Сонымен қатар, тозығы жеткен машиналардың арасында «Мазда», «Фольксваген», «Хонда» сияқты шетелдік автокөліктер кездеседі. Ең әйгілі маркілердің арасында 1996 шыққан «Toyota Land Cruiser» және 1985 жылы шығарылған «Porsche» маркілі автокөлік тапсырылған.
Жоюға өткізілген көліктердің орташа шығарылған уақыты – 25-30 жыл. Ескі көліктерді утилизацияға тапсыру бағдарламасын оңтайландыру үшін 2017 жылдың қаңтар айынан бастап электронды кезек жүйесі енгізілді. ӨКМ Операторының Call-орталығына (8 800 080 08 65) хабарласу арқылы және auto.recycle.kz. ресми сайты бойынша кезекке тұруға болады.