Қарқынымен қалдырды қараны үзіп…

IMG_6471Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромы ат жарыс маусымын ашты. Бәйгеге Ақмола, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан тұлпарлар әкелінді. Әуелі, жиылған жұртқа жергілікті әуесқой спортшылар «Қыз қуу» ойынын көрсетті. Содан кейін қалың қауым бәйге болатын жерге қарай ағылды. Кежімі келіскен, жалы өрілген тұлпарларға таңдай қағасың. Төрешінің белгісі берілген соң үш шақырымға сегіз шабандоз тартты. Барлық айналым бойынша «Германия» алдына күлік салдырмады. Ұшқыр аттың иесі – меңдіқаралық Абылай Жусин. Екінші орынды Астанадан келген Әділ Оразбеков иеленсе, үштікте – қарағандылық Нұрдин Оразбек.
Бабы келіскен саңдақтар құнан бәйге мәресінде тұр. Білікті атбегілер екі жыл бойы шашасына шаң жұқтырмай келе жатқан «Сера» сайгүлігіне алдын ала бас жүлдені болжап қойған. Айтқандай-ақ, жітіқаралық 18 жастағы Хансұлтан Жандәулет тақымын нық ұстады. Жүлде соныкі. Атыраудан келген Асан Тобылбекке екінші орын бұйырды. Бірінші айналымда топ бастаған «Король» алты шақырымды үшінші болып аяқтады. Оны тақымдаған – Ақмола шабандозы Қазбек Застежко.
Бәйге төресі – тоқ бәйге. Әкелеріміз «Тоқ бәйгеге шыдаған тұлпар аламанда да қалмайды» деп отыратын. Бәйге басында жүрген торғайлық Қайыргелді ақсақал: «Біз «топ» пен «тоқты» шатастырып жүрміз. Бүгінгі бағдарламада «топ» деп аталыпты. Бұл дұрыс емес. Дұрысы – «тоқ» бәйге. Ол бәйге аттарын дұрыс таңдау, сұрыптау, жарысқа іріктеу заңдылықтарынан туындаған. Бабы келмеген ат дұрыс шаппайды. Міне, осыны жете білген ежелгі атбегілер аламанның алдында міндетті түрде тоқ бәйгені өткізіп, тұлпарларын сынаған. Тоқ бәйгеге құнан да, дөнен де, болашақ бір тоғы бар аламаншы аттар да қатысып сыннан өткен. Қырағы көзді аталарымыз тоқ бәйгеден аламаншы болатын жүйрік бәйге аттарының артық-кемін жазбай танып, байқап, тиісті қорытынды жасап отырған», – деді.
Хош! Көк жасаңда көсілетін күліктер ысқырықтан соң ытқи жөнелді. Бастапқыда астаналық шабандоздың қарқыны күшті-тін. Үшінші айналым кезінде Ақтөбеден әкелінген «Сүйініш» суырылып шықты. Мәреге жақындаған сайын тұлпар қарқыны бәсеңдей бастады. Ал Қадыр Досымов атына қамшы басар тұста қателеспеді. Қоржында – бас жүлде. Ақмоладан келген Денис Батт сызықты екінші кесті. Үшінші орын меңдіқаралық спортшының еншісінде.
Танауын көкке шаншытып, кекілін жел тараған қылқұйрықтар аламанға түсті. Жарыстың шарықтау шегі де, жұрттың асыға күтетіні де осы. Ауыздығымен алысқан тұлпарлар сегіз айналымның жетеуіне дейін бауырын жаза алмады. Бір айналым қалғанда шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Делебесі қозып, қаны қызып, аламанға аңқайған жұрт көмбеге беттеген жүйріктерді қиқулап қарсы алып жатты. Сонымен, Жітіқарада жаратылған «Неймес» атты арғымақ бас бәйгені еншіледі. Иесі – Х.Жандәулет. Ол 1 млн теңге ұтты. Қарағандыдан әкелінген «Бойдезерт» тұлпары Ә.Оразбековке екінші орынның сыйлығын әперді. Құны – 300 мың теңге. Жанкелдин ауданынан ат қосқан Нұрсұлтан Орынбек үштікті қорытындылады. Оған 150 мың теңге берілді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓