«Хан Кене» – дала академиясының төл туындысы

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры өзінің XV маусымын бастады. Тұсауын кескен – «Хан Кене» қойылымы. Осыған орай баспасөз клубында спектакльдің қойылу барысы және жалпы тарихи тәрбие жайында сөз қозғалды. Тілшілер қойған бірқатар сауалдарға театр директоры Нұрлан Ерекешов пен Кенесары Қасымовты сомдаған Қонысбек Бегайдаров жауап берді.
– Маусымның сәтті ашылуы біз үшін аса маңызды. Таңдалған туынды – «Хан Кене» туындысы. Онда қазақ халқының тағдыры бейнеленеді. Әртістеріміз қойылымға бір айға жетпейтін уақытта дайындалды. «Қаһар» романының желісі бойынша белгілі жазушы Оразбек Бодықов пен  режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханов оның сахналық нұсқасын жазып шықты. Менің жеке көзқарасым бойынша, қойылым «бес» деген бағаға лайық, – деді Нұрлан Ерікұлы.

DSCN2390

Өнер ұжымының алдағы жоспарлары да толайым. Театрдың құрылған он бес жылы ішінде сексенге жуық қойылымдар жұрт назарына ұсынылыпты. Қазіргі уақытта ұжымда отыздан аса әртіс бар. Театр директорының айтуынша, кішкентай көрермендерге арнап көптеген қойылымдар әзірлейді. Сондай-ақ, әлем әдебиетінен де бірнеше шығарма таңдалып алынатын болады. Көптеген басты рөлдерді сомдап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров:
– Бұл жолғы «пұшпақты илеу» үлкен жауапкершілікті қажет етті.  Сахнада кез келген әртіс өз кейіпкерінің өмірін шынайы сомдайды. Әйтсе де, Хан Кене образының орны бөлек. Ол – қазақ тарихындағы қайсар ханның, қас батырдың үлгісі. Сол кездегі ел үшін арпалыс – халықтың трагшедиясыеді. Шүкір дейміз, сол хандығымызға 550 жыл толды. Бұл – жүректің тойы, жанның тойы, – деп тебіренді.
Қостанайлық қазақ театры ұжымы бұл қойылыммен Астанада қаласында болып қайтқан-тын. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне ұжым көрермендер алдында «Хан Кенеден» он минуттық үзінді қойды. Елордадан жақсы баға алып қайтқан өнер ордасы көрермендерді әлі де «сүйінші сұрарлық» туындыларымен қуантады деген ойдамыз.
 
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓