Қоныс тойы көбейетін күн таяу
Қостанай қаласы мен Заречный кентінде "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" бағдарламалары аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің тұтынысқа берілер кезі алыс емес. Жаңа пәтерге "Тұрғын үй жинақ банкі" салымшылары ғана емес, үй кезегінде тұрған азаматтар да қол жеткізе алады.
Облыс орталығындағы Әуежай шағын ауданында кезекті тоғыз қабатты үр жаңа үй өз тұрғындарына есігін айқара ашудың сәл алдында тұр. Шілде айының соңына, тамыздың басына таман 108 пәтер кілті тиесілі иелеріне үлестіріледі. Олар – басыбайлы баспаналары жоқ "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшылары мен кезегі тақаған азаматтар. Ал жалпы үй ішінде 57 бір бөлмелі, 27 екі бөлмелі және 27 үш бөлмелі пәтер бар. Мамандар берген мәлімет бойынша, бұл көпқабатты үйдегі әр шаршы метр құны – 140 мың теңге. Әр бөлмелі пәтердің бастапқы жарналары да, тиісінше, әртүрлі.
– Бір бөлмелі пәтерге, шамамен, 1 млн 700 мың теңге бастапқы жарна төленуі тиіс. Одан кейін, ай сайын өтейтін ақы – 37 мың теңге. Екі бөлмелі пәтер алуды көздегендер 2,5 млн теңгеге жуық қаражат жинауы керек. Ай сайынғы төлем 54 мың теңге болып белгіленеді. 3 млн 400 мың теңге қор жинасаңыз, үш бөлмелі пәтердің қожайыны атану мүмкіндігін иеленесіз. Міндетті пәтерақы құны – 79 мың теңге. Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы кез келген уақытта мемлекеттік бағдарламаның қатысушы бола алады. 3 шілдеден бастап бакте есепшот ашу тегін болмақ, – дейді "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ ҚОФ директорының орынбасары Дәурен Есенбеков.
Заречный елді мекенінің Северный шағын ауданындағы тұрғын үйлер құрылысы жоспардағыша жүзеге асып жатыр. Мұнда екі бірдей төрт қабатты баспана жуық арада тұрғындар игілігіне беріледі. Бір айыбы – құрылыс барысымен танысуға қатты нөсерден соң езіліп кеткен жол кедергі жасады. Дей тұрғанмен, бұл мәселе де таяу келешекте міндетті түрде шешімін таппақ.
– Болашақта халық тығыз орналасатын ауданға айналатын болғандықтан, әлбетте, көшелерге асфальт төселіп, бірнеше жерден аялдама орнатылады. Қазір сұрықсыздау көрініс беріп тұрған көшелерді абаттандырамыз, – деді Қостанай ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі жетекшісі Темірхан Ержанов. – Нысандарға келер болсақ, әзірше, 96 пәтері бар 2 төрт қабатты үйде 25 отбасы тұрып жатыр. Тағы екі үйдің іргесі көтерілуде. Жоспар бойынша, келер жылдың аяғына дейін ұзын саны 11 тұрғын үй бой көтеріп, бұл маң тұтастай шағын ауданға айналады.
Әрине, Заречныйдағы бұл пәтерлер құны облыс орталығындағыға қарағанда әлдеқайда арзан. Яғни, бір шаршы метрі – 128 мың теңге. Бір бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін 1 млн 600 мың теңге бастапқы жарна жинасаңыз жеткілікті. Ай сайынғы төлем – 36 мың теңге. Ал екі бөлмелі пәтер кілтіне ие болу үшін 2 млн 200 мың теңге қорыңыз болуы шарт. Одан әрі 50 мың теңгенің айналасында міндетті пәтер ақы төлейсіз.
Ж.Балғынбекұлы
Суретті түсірген Айбек Жүзбай