Той – қазына, бірақ…

 
Қазіргі қазақ тойларын меңдеген келеңсіз көріністер, оғаш әдеттер туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ содан бірденің өзгергенін көз көрмей жүр. Жазарман жастың да, жасамыстың да айтары біреу – қазақ тойларындағы әдептің әлжуазданып, мәдениеттің жалаңаштануы. С.Мырзабай атты студенттің мақаласынан да соны байқаймыз.
 
Той – қазына, бірақ…
 
Сауықшыл халықтың қазіргі заманғы тойы шоуға айналды, оның қасында әдеп пен мәдениет кейінгі кезектерге ысырылғандай. Той тойлау үрдісінің жетілгеннен гөрі, кетілген тұсы көп сияқты… Мән-мазмұны  бай таза қазақы той көру қазір арманға айналып барады. Теледидардан көріп, кітаптардан ғана оқитын болып қалдық па? Қазіргінің той жасау тәртібі мен әдебі өзгерген. Өзгергенде де, рухани жалаңаштанып, теріс бағытқа бет алып бара жатыр. Теріп жазатын болсақ, әуелгі сөз той тізгінін ұстайтын асабаларға арналмақ. Қазір таяқ лақтырсаң, асабаның басына тиеді. Оңып тұрғаны жөнінде әңгіме алабөтен. Оңай табыс көзі деп ойлап, ойыншыққа айналдырып алды ма – ұялмағанның, сұңқылдап тұрғанның бәрі "тіс қаққан" "тамада". КВН-шілердің түгелі сондай… Көбісі, әсіресе, қостанайлық асабалардың айтатындары – анайы әзілдер. Күлдірмейді, күйдіреді. Ойнататындары – ұятсыз ойындар. Кірерге тесік таппайсың. Ол тойда бірінің әке-шешесі, бірінің баласы мен келіні, енді біреулері немерелерімен жүреді емес пе? «Бұралқы сөз күлмекке жақсы» деп алады да, ауыздарына келген "қағытпаны" тізбектей жөнеледі. асаббМысалы, жақында Астана қаласында бір тойда болдым. Сол тойдың асабасы – әрі кетсе 20-25 жас аралығындағы жас жігіт. Тілек айтқызуға әулеттің үлкендерін шақыртты, арасында 80-нен асқан әжеміз бар. Бір кезде микрофонды ұсынып жатып, "тапқыр әзілқойлығымен" көрініп қалғысы келген асаба: «Апа, мені таныдыңыз ба? Сіз келін болып түскенде бетіңізді ашқан мен едім ғой!» – демесі бар ма… Сол жерде апамыз: «Мен келін болып түскенде, сен түгілі, әкең де болған жоқ!» – деп, батырыңқырап айтып, асабаны тыйып тастады. Бұл – бергі жағы ғана. Осындай үлкен абыз ата-әжелерімізді әжуалайтын, шал-кемпірдің киімдерін киіп алып, тойда асыр салып ойнақтап, бір-біріне артылып билейтіндер бар.асаба
Біраз тойларда кей асабалардың «жаңа заман талабына сай» деген түкке тұрғысыз сөзді ұран етіп, беташар рәсімін "эстрадалы" нұсқада өткізуі де қытыққа тиеді. Қонақтар тізімін қолына алып, көңілді әуен қосып қойып, «бәленге бір сәлем, түгенге бір сәлем» деп, сықпыртып шығады. Ол қайдан енген дәстүр болғаны, сонда? Беташардың мәні – қара домбыраны қолға алып, күмбірлетіп, жаңа түскелі жатқан келінге ақ тілектер мен санасына қонымды етіп салт-дәстүрден сапалы, салмақты дүниелер айтып, алыс-жақыннан келген ағайын-туыспен, көрші-қолаңмен таныстырып, сәлем салдырту, келіннің елге деген ізеттілігін байқату еді ғой. Домбырасыз бет ашқан сабаздардың сондағы мақсаты – бет ашатын адам іздемей-ақ, домбыра тарта алмаса да көрімдік ақшасын қалтасына басып қалудың ретін қылу. Өлермендікке салған әлдекімнің қолданысқа енгізген "свежый дәстүрі"… Жақында ғана Қызылорда өңірінде болған бір беташарда жас келінге сол үйдің «Ақтөс» атты итіне де сәлем салдыртқан көрінеді. Бұл не сұмдық?! Жеті қазынаның бірі болғанымен, хайуанның аты хайуан емес пе! Осындай адам сенгісіз, көргенсіз дүниелер көбейіп кетті. жаланаш
Той ойындарына келсек, тіпті жағаңызды ұстайсыз. Ділге қайшы сорақылыққа ел-жұрт көзінің үйреніп бара жатқаны қорқынышты. Жөні түзу, есі дұрыс асаба не ойнатып, не істетіп жатқанын сезініп, байқауы керек қой. Бес-алты адамды ортаға шығарып, іш киіммен тұрғызып билету деген не сұмдық? Сондай бейнкөріністер әлеуметтік желіні жаулап алды.
https://www.youtube.com/watch?v=AykbEw813M0
Тіпті, кей тойларға тыр-жалаңаш қыздар келіп, ұятсыз билерімен өнер көрсетіп, нәпақаларын тауып жүр. Той иесінің төлейтін ақшасымен шектелмей, ортаға табақ қойып тиын-тебен жинайды. Оған кейбір нәпсіқұл ағаларымыз «ойхой, неткен тамаша!» деп, ақшаларын аямай тастайтынына не дерсіз?!стрип
Қорыта келгенде, бүгінгі тойдың мәні мен сәні жойылып бара жатыр. Асабалардың қиюсыз, шұбыртпа сөздеріне, жаттанды өлең шумақтарына қарасаң, бір-бірлерінің ауыздарына түкірген сияқты. Ендігі елдің бәрі жатқа біледі. Ойын мен айтатын әзілдерінен адам жиіркенеді. Баяғыша сөздің жілігін шағып, майын ішетін асабалар аз. Сөйлегенде астарлап, әспеттеп, сөздің түбін түсіріп, жиылған қауымды тамсандырып, өнерімен баурап, шешендігімен тәнті ететін той тізгіншілері жоқтың қасы. Бар болса да, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен асабасымақтар арасынан көрінбей қалып жүрген шығар…   
Той – Тәңірдің қазынасы, бірақ тойып секірудің де жөнін білгеніміз ләзім болса керек.
 
Сералы МЫРЗАБАЙ,
ҚМУ, журналистика мамандығының студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓