Көпке күйе жақпайық

  Үстіміздегі  жылдың  19 мамырында «Қостанай  таңының»  жұма  күнгі нөмірінде «Мал  ауруы меңдеді» атты  мақалаға байланысты біздің тарапта пікір бар. Газет  бетіндегі  көрсеткіштерге  қарап  отырып налисың. Аудандық, қалалық зертханаларда заманауи дәл балайтын (ПЦР, ИФА, ферментиор) құрылғылардың  барында  өзімізді өзіміз  аурудың алдында әлсіздігімізді көрсетуге жол болсын. Аталарымыз шала  сауатты бола тұрып бруцеллез (сарып, сал) бен туберкулез (көксау) ауруларының аурудың  алдын  алып, ауыздықтап  келгені деректерден белгілі. Арқалық  қаласы  әкімінің  орынбасары  Қайрат  Әбішев  зертханалық  ақпарат  бойынша  мәлімдеме  беріпті. Прокурор Досымхан  Мұратханов төтенше  жағдай жариялау  керек  деп  заңды  тұрғыда мәселе көтерді.сарып
«Бір  құмалақ  бір  қарын  майды  шірітедінің» кебі. Бір  ауылдың  мал  дәрігері  бір  инемен  қан алады деп, бәріне күйе жаға беруге болмас. Қазір жастар  газет  оқымайды  дейміз, сол  жастар  интернеттен  керек  ақпаратты  оқымай, керек  еместі  күн  бұрын оқып-біліп жүр.
Мал қалай бағылып-күтіледі? Қай жерге ұстайды? Ауыл әкімдері осы тақылеттес сауалдарды талдап, шаруа  қожалықтарының, ауыл  ақсақалдарының  басын  қосып, шаруалардың пікірлерін  ортаға  салуы керек. Батыс  Қазақстан облысы Қаратөбе  ауданындағы Қоскөл жұртының кебін кимесіне кім  кепілдік  бере  алады? «Ауру  мысқалдап кіріп, батпаңдап  шығады» дегендей, бұл  бір  күнгі  жұмыс көрсеткіші  емес  қой. Мал дәрігерлері  үйді-үйге жүріп, ауласына  келгенде  сиырының бұзаулағалы  тұрғанын немесе танасын соғымға дайындап отырғанын айтатын тұрғындар аз емес. Түрлі сылтау  айтып, малынан  қан  алғызбайды. Малды уақытында етке өткізбейтініміз, мал  басын  түгел  көрсетпейтініміз  өзімізге  қырсық  болып тиіп  жатқан жоқ па ағайын? Сол  ауру  малдың  еті  мен сүті  немере-шөберелерге зиян тигізетінін білмейтін сауатсыз жан қазір де бар ма өзі?!
Білмегендерден  кешірім  сұрай  отырып, ғалым  қарындасыммен  «Қостанай  таңының»  95  жылдық  мерейлі жылын пайдалана отырып, ақпар  беруді  жөн  санадық.
Сарып (бруцеллез) – адам  денесінің  буын,  жүйке, жыныс  мүшелерінің  зақымдануына әкеліп соғатын, малдан  жұғатын аса қауіпті  жұқпалы  аурулардың  бірі.
Ауру  қоздырғышы (бруцелла  микробы) сыртқы  ортаның  әсеріне  өте  шыдамды  келеді: сүт  өнімдерінде  25  күнге дейін  сақталып, мал терісінде  3-4 ай, суда 5 ай, топырақта 2-3  ай өмір сүрсе, салқын  жерде  ұзақ  сақталады.
Жекеменшік  мал  ұстайтын  шаруашылықтар  мен  ел  арасында мал дәрігерлерінің  қызметін  қажетсінбеу, ауырған мал санын жасыру, мал  дәрігеріне  көрсетпей сойып, бірнеше  үйге  тарату  фактілері  кездеседі.
Аурудың  негізгі  белгілері  қандай? Ауру  қоздырғыштары  адам  денесіне, әсіресе, мал  төлдету, оны  бағып- қағу, ауру малды  сою, жіліктеу  немесе  жүнін  қырқу  кезінде  тері  арқылы  енеді. Ал, күнделікті  тұрмыста: ауырған  малдың  қайнатылмаған  сүтін  ішкенде, сол  сүттен  дайындалған  қаймақ, сары май, ірімшік, шала  пісірілген ет тағамдарын  пайдаланғанда  жұғады. Сол  сияқты, ауылды  жерлерде  отын  ретінде  мал  тезегін  дайындау кезінде  жұғуы  мүмкін.
Мал  арасында  аурудың  негізгі  белгілері: малдың  ақсап  жүруі, аяқ  буындарының  ісінуі, көбінесе  саулық  малдың  желінінде  ісік  пайда  болуы, іш  тастауы, еркек  малдардың  енінің  ұлғаюы  сияқты  өзгерістер  байқалғанда бірден мал  дәрігеріне  хабарлауы  керек.
Сарыптан  сақтану  жолдары  қандай? Сарып  тек  ауру  малдардан  немесе  мал  өнімдерінен  жұғатынын  ескерсек, бірінші  кезекте  сақтану  шараларын  аурудың  көзі  болып табылатын  себептерді  жоюдан  бастаған  жөн. Ол  үшін, жеке меншік мал иелері мен шағын шаруашылығы басшылары, жергілікті  өкімдер  мен  мал  дәрігерлерімен  бірлесіп, қожалықтағы  немесе  жеке  меншіктегі  барлық  мал  басын  түгелдей  есепке  алып, уақытында  ауру-сауын  тексеріп, сарыпқа  және  де  басқа  қауіпті  ауруларға  қарсы  ектіріп  отыру  керек. Ауруы  анықталған  малды  мал  дәрігерімен  ақылдасып, көп  ұзатпай  ауру  малды  сойып, өңдейтін  арнайы  орындарға  тапсыруы  керек.
Орындалуы  қарапайым  ғана  жоғарыда  көрсетілген  ережелерді  мұқият  орындасаңыздар, тек  сарып  емес, малдан  жұғатын  көптеген  басқа  да  аса  қауіпті  аурулардан  аулақ  боласыздар.
Мал шаруашылығымен  айналысатын  ағайындарға  айтарымыз: қолдан  келсе, ата  кәсібімізді  жалғастырып, мал  ұстаған  дұрыс. Ал, ауру  малды  қолда  ұстап, жанұя  мүшелеріне, туысқандарыңызға, малшыларыңызға  ауру  жұқтырып  немесе оны  жасырып, мал  дәрігерлеріне  хабарламай  сойып, сүті  мен  етін  сатып, заң  алдында  да, ар  алдында да кінәлі болып, сау  адамдарға  ауру  жұққызып, обалына  қалмаңыздар.
 
Б.Темірбек, Ә.Молдашева,
А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай  мемлекеттік  университеті
ветеринарлық  медицина кафедрасының  оқытушылары
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓