Қызымның арын таптатпаймын деп…
Соңғы уақыттарда ғаламтор бетінде оқушының мұғалімнен таяқ жегені видеоға түсіп, артынша бүкіл елді шулататын көріністер көбейіп барады. Бұл жерде көп жағдайда ұстаз кінәлі болып шығып жатады. Алдымен жұмысынан қуылады, артынша не сотталады не айыппұл арқалап кете барады. Міне, сізге демократиялық қоғамның жемісі, адам құқығын қорғаудың жеңісі!
Жақында ғана Алматы облысының Іле ауданы Байсерке ауылындағы №9 мектептің химия пәні мұғалімі оқушылардың көзінше бір баланы сабағаны үшін жұмысынан қуылды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде жүр.
Сөйтсе, әлгі таяқ жеген бала мен химия пәні мұғалімінің қызының арасында төбелес болыпты. Қыз да сол мектепте оқитын болып шықты. Анасы әрі ұстаз әйел үзіліс кезінде келіп, баланы ұрып-соққан.
https://www.youtube.com/watch?v=dzX0vEd5Vf4
Видеоны көріп шықсаңыз, әйел адамның ашуы қатты. Соған қарағанда, жаңағы ұл мен өзінің қызы арасында әжептәуір жанжал болған. Қалай десек те, ер баланың нәзік жандыға зәбірінің тигенін аңғару қиын емес. Тіпті, мұғалім сабап жатса да, әлгі бейбақтың да қарсыласып, қол көтергені байқалады. Осыдан кейін әлгі «зардап шегушіні» сүттен ақ, судан таза деп айта аламыз ба?
Сонда біздің заң ұстазды жазаға тартып қана қоюдан әрі аспайтын жағдайға жеткен бе деген сауал туындайды. Жалпы осындай жанжалдың неден басталып, қалай ушыққаны әбден сараланып, таразыға салына ма екен? Әлде кішіні ұрған ересек жазаға тартылды, іс осымен бітті дегенге көзімізді үйретіп алдық па? Ең алдымен еркесі тоқпақ астында қалған соң ата-ана қорланғанынан құқық қорғау органдарына барып, арызданары анық. Сөйте тұра, қыз балаға қол көтеріп, шымбайына тиген, ар-намысын қорлаған сотқалдай ұл неге жазадан құтылып кетуі керек? Ал бұл көріністі оқушылардың бірі телефонның камерасына түсіріп алған болып тұр. Оның бейне-фото таспа жасау түгілі, сабаққа қымбат смартфонмен келуге қандай қақысы бар?
Таразының екінші басы осылай дейді. Жарайды, мұғалім жұмыстан қуылды, үстінен қылмыстық іс қозғалыпты, ол үш жылға сотталуы мүмкін дейді. Егер анасы қызының ар-намысын қорғаймын деп біреудің баласына қол көтергені рас болса, оны неге ерлік демеске? Мейлі, ол жаза алсын, қайта бұдан былай кеудесі көтеріңкі, ар-намысы биік жүрері анық.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ