Мейірленіп күн шуағын төккенде…
1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай, облысымыздың барлық елді мекендерінде балаларға арналған түрлі бағыттағы іс-шаралар, байқаулар мен сайыстар, сурет көрмелері, спорт жарыстары және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралардың бірқатары Қостанай қаласында да болып өтті. Облыс орталығындағы балалар шығармашылығы үйінен бастау алған балалар мен жастар музыкалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруі Толстой-Байтұрсынов көшелері, әл-Фараби даңғылы арқылы жүріп өтіп, Сити-орталыққа жетті.
Оркестрлер шеруіне облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 155 шығармашылық ұжым, барлығы 2500 өнерпаз қатысты. Айта кеткеніміз жөн, оркестрлер шеруі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен, "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық идеясын іске асыру аясында балалар мен жастардың орындаушылығын, шығармашылығын қолдау мақсатында рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие берудің факторы ретінде алғаш рет республикамыздың барлық аймақтарында ұйымдастырылды. Облысымызда алғашқы шеруді муниципалдық үрмелі оркестрдің жетекшісі А.Губенко және мажореткалар басқарды.
Ал, Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы үйінде, Сити-орталықта, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ жанындағы алаңда, орталық саябақта, оның алаңдарында балаларға арналған түрлі мерекелік бағдарламалар өтті.
«Балалық шақтың әлемі», «Балалықтың бақытты өмірі» деп аталған байқау-сайыстар балаларды қол бұлғап қуаныш пен мерекеге шақырғандай. Робот техникасы бойынша көріністер, сурет көрмесі ұйымдастырылды. Түрлі шоу бағдарлама да, би де болды, әндер де шырқалды.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ