Мән берерлік мәліметтер
Жамағат назарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айында мән берерлік мәліметтер ұсынады. – Биылғы Рамазан айы 27 мамырда басталып, 24 маусымда аяқталады, мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша Ораза 29 күн.
– Пiтiр-садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейiн беруге болады. Еліміз бойынша әр адамға 300 теңге.
– Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіледі.
– Қасиетті «Қадір түні» маусымның 21-інен 22-іне қараған түні болады. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.
– 25 маусым (жексенбі) күнi Ораза айт мейрамы басталады. Ораза айт күндері дәстүрлі түрде мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, т.б.) жарыстар ұйымдастырылады деп күтілуде.
– Жолаушыларға, жүкті, етеккірі келген немесе омырауда баласы бар әйелдерге, науқас жандарға Ораза ұстау – парыз емес.
– Сапарда жүргендерге Ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы – ауыз бекіту.
– Рамазан айы қарсаңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман қауымына Үндеу жолдап, халқымызды оразаның әр күнінде жақсылық жасап, қайырымдылық іс-шараларға атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді тұрмысқа қажетті заттарға жеңілдік жасауға, жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатпауға үндеді.
-Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.
"ҚазАқпарат"