Әлеуметтік желінің әуресі көп

Қазіргі жастарды әлеуметтік желілерсіз көру түгілі, елестетудің өзі қиын болып бара жатыр. Алыстағыны жақындатып, жақыныңмен техника арқылы «үнсіз»  байланыстырып қойған әлеуметтік желілердің сан түрі бар.  Соның бірі – "WhatsApp". Жақсы жақтары да жоқ емес, әр түрлі суреттер, видеолар жіберіп, қиындық тудырған жұмыстарды бітіріп алуға болады. Бірақ, осы желіде тоқтаусыз кезіп жүрген кейбір жазбалар еріксіз күлкіңді келтіреді.1392892935_whatsapp «WhatsApp» желісі қазіргі заманда  адамдардың бақытты, бақытсыз болуын шешетінге  ұқсайды. Яғни, «тез-тез достарыңа жібер», «сүйіктің үшін осы смс-ті 20 адамға тарат»,  «сүйген адамың үшін ешқашан бас тартпа», «егер де  таратпасаң, 20 күннен соң сүйікті адамыңнан айырылып, өмір бойы жалғыз өтуің мүмкін»  деген хабарламалар келіп жатады. Сенетіндер соқыр сенім жетегіне еріп, таратып отырады. «Шариғат бұған не дейді?» деген сауалды ҚМДБ-ның Қостанай облысының  Жастар бөлімінің өкілі  Ғұмар Жұмағұловқа қойған болатынбыз, ол кісінің жауабы мынадай:                    
-Осындай хаттар сіздерге қағаз арқылы немесе электронды ақпарат түрінде келсе де, еш қорықпастан жойып жіберуіңізге болады. Ол хатта егер осыны таратсаң, бақытты, бай-бақуатты болып кетесің, ал егер таратпасаң, өлесің деген сыңайлы сөздер айтылған. Бұл – барып тұрған өтірік. Қаншама адам осындай сөздерден қорқып, мұндай хаттарды таратып әлек. Байығысы келетіндер де қалыс қалмай бұл  хатты бірталай жерге таратып тастады. Ешқандай пайдасы жоқ мұндай хаттарды еш қорықпастан өртеп жіберу керек. Тағдырыңызға түймедей де өзгеріс енгізе алмайтындығына нық сеніңіз. Екі өмірде де бақытты қылатын тек жалғыз ғана хат бар. Ол – Аллаһ Тағаладан келген Құран. Бақыт кілтін Аллаһ  сөзі Құраннан табарыңыз анық. Адам тағдырына белгілі бір сандар, уақыт немесе сол сияқты пенденің шала ойынан шыққан шарт-талаптар әсте әсер ете алмайды. Адам тағдыры тек қана, Аллаһ Тағаланың тарапынан белгіленетіні исламда ашық айтылған. Яғни, Аллаһ қаламайынша еш нәрсе өзгермейді. Барлық нәрсе Аллаһ Тағаланың қалауымен ғана болады.
Хариса ибн Мударриб былай деп баяндайтын: “Бірде, бір кісі түсінде әлдекім «бүгін түнде мешітте намаз оқыған адам Жәннатқа кіреді» деген де, бұны естіген Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын) мешітке келіп: «Шығыңдар, адасушылыққа түспеңдер! Расында, бұл шайтанның ойыны!» – деп айтқан екен” (Ибн Әбу Шәйба 7/233).
Тағы бір хаттарда  «Осы хатты алған адам оны көбейтіп, 20 адамға таратуы керек. Сонда біз Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиетін орындаймыз» деген жері бар. Пайғамбардың өсиетін мұндай үгіт парақшаларын тарату арқылы жүзеге асырмаймыз. Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) өсиетін оның бұйырғандарын орындап, тыйымдарынан аулақ болу арқылы орындаймыз. Мұндай хаттарды таратқан кісі тақуа болады деген бірде бір жерде айтылмаған. Керісінше, мұндайды таратқан адам – көпшілікті азғырып, тура жолдан ауытқуына себеп болған бүлікші ретінде танылады.
Сонымен қатар, хатта айтылған нақты 20 адамға тарат деген жерін қайдан алды екен?! Оның сөздері бос сандырақ емес екеніне кім кепіл бола алады?! Біз барша мұсылмандарды мына ақымақтықтың таралуына жол бермей, басқаларға бұның өтірік екенін түсіндіруге шақырамыз.
Сөз соңына  тоқталсақ, тағдырымызды соқыр сенімге байланыстыратын қасіретінен құтқаратын Алланың сөзі – Құранға  жүгінейік, ағайын!
 
Жұлдыз Бермағанбетова

You may also like...

2 Responses

  1. Месібек айтты:

    Қартайған тышқан мемуар жазыпты дейді. Не болушы еді ана жылы ала мысықтан,  мына жылы қара мысықтан қаштым деген тәріздес.Дүние төрі сол болса қайтеді енді.Сол сияқты ана жылы Бекет ата ұрпағы деп смс тарату шыққан.Біреулерге содан пайда бар негізінде.Баланың ойыны. Ауыл-қалада уақ балалар(қыздар) шай саңырауқұлағы, кулич дей ме түрлі жындылықты үйге тасып күмәнді рецептімен пісіріп әуре.Тыю керек. Не болса соған еру жақсылық емес.

  2. Сара Жақсылық айтты:

    ватсаптың жайы вконтакты сайтына қарағанда жәй баланың әңгімесі сияқты. жастарымыздың санасын улап,интернетке күні-түні телмірткен бұл сайтта ұлттық бейнемізге, қазақылығымызқа кері әсерін тигізетін көп нәрселер жүр.соны неге байқамаймыз екен? орыстың, шет елдің жазушыларының сөздері,үгіт насихатында жүретін әр түрлі топтар толып жатыр.солардың барлығын қалыптаспаған жас сана сініріп алады.содан кейін қазіргі жастар анадай мынадай деген сөздер шығып жатады.ең бірінші әлеуметтік желілерге бақылау орнату керек деп ойлаймын.ненің болуы керек,ненің болмауы керек деген сияқты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓