Үй өртенді
Қостанай қаласындағы Чехов 106 шағын отбасылық үлгідегі жатақханадан өрт шықты.
Қостанай қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың инженері А.Баденовтың хабарлағанындай, өрт аумағы айтарлықтай емес, бірақ, түтіннің салдарынан ғимараттан 35 адам көшірілді.
Басқарма инженерінің ақпаратына сәйкес, өрт облыс орталығындағы Чехов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан шыққан. Сейсенбі күні таңертең 9:30 шамасында 87 пәтерде тұратын Аида Иштуганова түтіннің иісінен шошып оянған. Оның үш жарым жасар баласы Артур үйіндегілерден ерте тұрып, сіріңкемен ойнап отырғанда кенет аяқ киім жинайтын ағаш жәшік тұтанған. Едендегі линолеум балқып, үлкен ұлы Виталийдің аяқ-қолы күйген.
Оқиға орнына жеткен Қостанай қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың өрт сөндіру қызметі қызыл жалынды 15 минутта сөндірді.
"Құрбан болған ешкім жоқ. Бірақ, түтіннен тұншыққан және күйген екі бала қалалық балалар емханасына жеткізілді",- дейді А.Баденов.
Шұға Қоңқабай