Облыс әкімінің құттықтауы
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздің мәдени-рухани өркендеуіне зор үлес қосып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихымызды насихаттау, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, елді бірлік пен ынтымаққа шақыру жолында еңбек етіп отырған мәдениет пен өнер саласының алар орны ерекше. Мәдениет кең де қастерлі ұғым, бұл бағыттағы әр қадам игілікті. Сіздердің әрқайсыларыңыз – ақындар, жазушылар, әртістер, суретшілер, музей және кітапхана қызметкерлері, мәдениет бөлімдерінің, мәдениет үйлері мен ауылдық клуб мамандары, көркемөнерпаздар ұжымдары, шығармашылық одақ қайраткерлері өз еңбектеріңіз арқылы елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш, зор мақтаныш сыйлайсыздар, халқымыздың мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып, еліміздің әлеуметтік-рухани құндылықтарын әлемге паш етесіздер. Осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың көңілінен шығып жүрген Сіздерге деген алғысымыз зор. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Біз XXI ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деген сөздері мәдениет қызметкерлерінің бағдаршамы іспетті.
Алдағы уақытта туған еліміздің мәдениеті мен өнерін өзге мемлекеттерге паш етіп, даңқын асқақтата берулеріңізге тілектеспін. Әрқашанда өнердің ақ туын берік ұстап, халыққа қызмет жасайтындарыңызға зор сенім білдіремін. Шығармашылық жаңа ізденістер, өнер жолында жаңа табыстар тілеймін! Мәдениет пен өнеріміз өркендей берсін!
А.Б. Мұхамбетов,
Қостанай облысының әкімі