9 адам суға кетті
Шомылу маусымы басталғалы, су қойнауында ажал құшқандар саны 9-ға жетіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, маусымның алғашқы онкүндігінде 3 адамның өмірі қиылған болатын. Өкінішке қарай, қайғылы оқиғалар қатары ұлғайып отыр.
12-маусымда Ұзынкөл ауданында 27 жастағы Ершов ауылының тұрғыны жергілікті өзендердің біріне батып кетті. Араға үш күн салып, қайғылы жайт Қостанай ауданына қарасты Жамбыл елді мекенінде қайталанды. Тобыл өзеніне демалам деп келіп, 1983 жылғы азаматша өмірімен қош айтысты. Тобыл өзенінің Рудный қаласы орналасқан ернеуінде де 17-маусым күні 66 жастағы әйел мерт болды.
Соңы қасіретке соқтырған оқиғалар тізбегі маусымның 20-сы күні тағы да кеншілер қаласында жалғасын тапты. Шомылу кезінде, сағат 11:56-де, абайсыздық кесірінен, 37 жастағы азамат Тобыл тұңғиығында жан тапсырған. Құтқарушылардың жедел жұмылдырылуымен, жарты сағаттан соң мүрде жағалауға шығарылды. Араға 3 сағат салып, аталмыш қаланың тағы бір тұрғыны ажал аранында кетті. 57 жастағы рудныйлық азамат Тобыл қойнауына мас күйінде күмп беріп сүңгіп, содан жағалауға оралмай қалған. Жергілікті тұрғындар көмегімен, азаматтың өлі денесі дереу табылды.
21-маусымда тағы бір қаралы хабар Қарабалық ауданынан жетті. Смирнов ауылы іргесіндегі Кіші Қарабаш өзені 45 жастағы еркектің өмірін жалмаған. Тағы да ішімдік кінәлі.
Құтқарушылар жұмысты мейлінше күшейтті. Рейдтер дамылсыз жүруде. Насихаттық шаралар да қанат жая түсуде. Нәтижесіз деуге келмейді. Облыс бойынша, маусым басталғалы, 25 адамның өмірі өлімнен арашаланған.
Жандос Жүсіпбек