Бар болса…
Сонау бір жаугершілік заманда Тайқожа деген батыр жараланып, санына садақ жебесі тиеді. “Жау марқайып кетеді”, – деп жарасын жасырып, оқ тиген санын қанжығаға қайырып байлап, шайқаса берсе керек. Сөйтіп, жарасы асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы: “Аяқты кесу керек, әйтпесе өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын”, – дейді. Өткір пышақ, тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайындалады. Сонда Тайқожа: “Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім жетеді!” – деп дес бермей, аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп, ақырына дейін шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап, сыртқа шығады. Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса – тістелген тақия қырқылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін “Қан мен тер” романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім»– дейді, классик Ә. Нұрпейісов.
Көз алдында шырылдатып, жалғыз ұлын біреудің сабап жатқанымен ісі жоқ, «Нүркей ақсақал үйге арқасын беріп, жайбарақат отырған сабырлы кейпі. Шырт түкіріп қойып, үзілген тартпасын септеп отыр. Өңінен еш қобалжу, ыңғайсыздық белгісі білінсейші. Керісінше,әжім торлаған қысықтау қой көзіне болар-болмас күлкі ұялаған сияқты. Мұстафа қойшы қамшының астына алғаннан баласына ара түскен кемпіріне Нүркей ақсақал :
-Оу, Айша бері кел, дедім ғой саған. Ұрса баласымен ұялас шығар. Әрі-беріден соң бұл да өз баласы. « Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» өлтірер деймісің.. Килікпейтін жерге килігетінің – ай, осы сенің! – Зілсіз ғана кейістік білдірген ақсақал қолындағы таспаға тағы да бір шырт түкірді. Ал Мұстафа қойшы болса сабауын тоқатып, атынан төңкеріле түсе берді.»- дейді Ақселеу Сейдімбектің бір хикаятында.
Ойланасың-толғанасың: көзі тірісінде кеудесіне ешкімді мінгізбеген, төзімді Ақсақбөрі, сары алтындай сабырлы, жүрегі кең, парасатты Нұркейдей кісілердің жұрнағы тек кітапта ғана ма? Ақиқат өмірде бар ма өзі? Бар болса.. тамыры тарих қойнауындағы ұлттық кодты неге түзбеске?!