Байғабылдағы бәсеке
Осы жылдары ауыл спортын дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әр ауыл кем дегенде бір рет аудандық жарыстар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Соның дәлелі – Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылында өткізілген волейбол бәсекесі. Белгілі спорт жанашырлары – Жомарт Түбекбаев, Айтмұхамбет Биғабылов сияқты ел ағалары мұрындық болған жарысқа әр ауылдан 8 команда қатысты. Олардың арасында қарапайым ауыл тұрғындарынан бастап, кәнігі волейбол шеберлеріне дейін бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – ауыл спортын дамыту, волейбол ойынын бұқаралық сипатқа шығару.
– Кезінде әр аулада волейбол алаңқайлары болатын. Шіліңгір шілденің аңқаны кептіретін ыстығы кезінің өзінде ауылдың үлкен-кішісі осы жерден шықпайтынбыз. Алаң ортасындағы қызу дода. Бір ұпай үшін шыр-пыр болып қаласың. Биік жетістіктер осындай шағын бастамалардан басталады. Ағалар мен жастар командалары, оқушылар құрамасы аудандық, қала берді, облыстық спорт сайыстарына қатысатын. Талас-тартысқа толы күндер еді-ау. Міне, осыны жаңғырту мақсатында кең көлемде волейбол жарысын өткізіп отырмыз, – деді ардагер спортшы Айтмұхамбет Биғабылов.
Жарыс бірінші ойыннан-ақ тартысты өтті. Төрешілер қосынында облыс мақтаныштары Ерлан Қарин, Қанат Өміртаев, Серік Закариндер тұрды. Сонымен, кім мықтыны анықтау үшін доп додасы басталып кетті. Көптен бері мынадай волейбол жарысын тамашаламаған жанкүйер қауымның делебесі қозып, әр ұрған дәл соққыларға қиқу салып, қолпаштауда. Шебер шабуыл мығым қорғанысқа қарсы өткен ойындар легі ауыл тұрғындарының есінде ұзақ қалары сөзсіз. Облыс көлеміне есімдері таныс «88-дер құрамасы» өкілдері Самғат Бүркітбаев, Нұрлан Нұрғалиевтер, қиып ұрудың шеберлері Аманкелді Жалмағамбетов, жас пері Нұрбек Айтмұхамбеттердің үздік ойынын күнде көре бермейтін спортсүйер қауым үшін бір мереке.
Нәтижесінде үздік үштіктен Ақан Нұрманов атындағы орта мектебі командасы көрінді. Ал финалдық бәсеке алаң иелері – байғабылдықтар мен Үрпек ауылы командалары арасында өтті. Тәжірибелі волейболшылар мен оқушылардан жиылған Байғабыл командасы жарыстың бас жүлдесіне ие болды. Жекелей спортшылар арасында «Үздік ойын үйлестіруші» аталымында Ердәулет Аханов, «Үздік қорғаушы» Дастан Қарғин, «Үздік шабуылшы» Жәнібек Ахановтар марапатталды. Бас төреші Ерлан Қайралапұлының айтуынша, барлық кемшілік өз ретімен жөнделіп, жыл сайын ескі жаңарып, жоқ табылып келеді.
Қ.Боранбайұлы