Ең ірі шетелдік павильон Германияға тиесілі
10 маусым және 10 қыркүйек күндері Астанада өтетін EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінде Германия павильоны болашақта қала өмірі қалай өзгереді, қандай көлік құралдарын пайдаланамыз және қандай үйлерде өмір сүреміз деген сұрақтарға болжам жасайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Павильонның кіреберісінде Германияның 16 федералды жерлерінің (Laender) презентациясы ұсынылады. Осылайша, келушілер павильонға кірмей тұрып, Германия туралы негізгі деректермен таныса алады және «Германияда жасалған» атты арнайы энергетикалық саясаты туралы біле алады. Сондай-ақ, павильонға кірген әрбір келушіге smartstick құралы беріледі. Бұл құрал жеке экспонаттарды іске қосуға, қозғалтуға және олармен қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде танысуға мүмкіндік береді. Осылайша, қонақтар қайта қалпына келетін энергия көздері, қуат алу тәсілдері, болашақ қалаларға болжам туралы құнды деректерге қанығып, smartstick құралдары арқылы «smartpoint» түріндегі энергияны жинақтайды. Көрме соңында қонақтар үлкен дөңгелек үстелі бар кеңістікке өтеді. Олар үстел үстіне smartstick құралдарын қойғанда, smartpoint арқылы жиналған энергия ортаға біріктіріліп, ерекше лазерлік шоу пайда болады. Яғни, павильонға келушілер өз қозғалыстары арқылы жиналған энергияның қоршаған әлемді қалай өзгертетінін көре алады. Ортақ күш салу арқылы энергетикаға байланысты жаһандық мәселелерді шешуге болатынын бағамдайды.


