Жүлдемен оралды
Сарыкөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мадина Валиева Талдықорған қаласында, жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының арасында өткен X республикалық «Ілияс оқуларында» 3-дәрежелі орын алғаны үшін диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Оны дайындаған жетекшісі аталған мектептің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Әлкеева болатын.
-Облыс атынан барғандықтан, жауапкершілік жүгі оңай болмады. Сондықтан, намысқа тырыстық. Оқушым да өзінің қарым-қабілетімен дарынының арқасында бар өнерін паш етіп, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды, – дейді Әсем Жұмабайқызы.
Оның айтуынша, республикалық байқауға еліміздің әр қиырынан талантты 40-тан аса оқушы қатысқан. Олардың өнерін елімізге танымал ақын-жазушылар бағалады.
-Сахнаға шығар кезде сәл қобалжыдым, сосын басылды. Мақсатым –орындаған туындыларымды қазылар алқасы мен көрермендердің жүректеріне жеткізу болды. Сондай-ақ, ұстазым мен ата-анамның сенімін ақтау үшін барымды салдым. Қуанышымда шек жоқ. Керемет әсермен, жүлдемен оралдым. Бұйырса, келесі жылы тағы да қатысып, бас жүлдені бағындырсам деген ниетім бар, – дейді Мадина.
Айтпақшы, жас талапкерлер ақын өлеңдерін, оған арнаған өз шығармасын жатқа оқу, эссе жазу және Жансүгіровтың шығармасынан үзінді оқудан жарысқа түсті.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.