Қуатты әрі өнімді
Қашар кентіндегі өндіріс алаңына жаңа тепловоз сатып алынды. Бұл туралы "ССКӨБ" АҚ корпоративті коммуникациялар қызметі хабарлайды.
2ТЭ25КМ маркалы техника "Қашар руда" АҚ кәсіпорнында жұмысқа кірісуге дайын. Магистралды екі секциялы локомотив қырықтан астам вагонды, 4 мың тоннадан артық кен шикізатын тартуға қауқарлы. Бұл – дәл осы маркадағы екінші тепловоз. Алғашқысы осы өндіріс алаңына 2019 жылы әкелінген.
Жаңа локомотивтің ерекшелігі – басқару оңай, бригада мүшелерінің қауіпсіз әрі жайлы жұмыс істеуіне ыңғайлы. Ал бұл кен тасудың өнімділігі ұлғайып, апатсыз жұмыс істеуге, техникалық даярлық коэффицентінің артуына ықпал етеді.
Айта кетейік, 2021 жылдың соңында Қашар өндіріс орнына қуаттылығы 220 тонналық Hitachi маркалы жүкті өзі түсіретін алып көліктер әкелінген болатын.