Ұлтының ұланы ұлықталған күн
Қара сөздің қаймағын қалқып ішкен белгілі жазушы-журналист, сатирик, педагог, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы артына өшпес мұра қалдырған бірегей тұлға. Қайталанбас тума өзінің табиғи дарынының арқасында әдебиетке, тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосты. Қарапайым мұғалімдіктен журналистік салаға ауысып, талай ұтқыр ойлар, тың дүниелер жазды. «Торғай тынысы», «Торғай таңы» газеттерінде тынбай еңбек етті. Әсіресе, қарашаңырақ – «Қостанай таңы» газетінде қызмет еткенін мақтанышпен айтуымыз керек.Сейіт ағамыздың бастамасымен 1970 жылы алғаш рет облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылып, сол жылы жас ақындар мен жазушылар құрылтайында ол кісі облыстық «Қазақ тілі» әдеби қоғамының төрағасы болып сайланған екен. Туған жеріне, ана тіліне деген адалдығын Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында кафедра меңгеруші болып жүргенде, студенттеріне жеткізе білді.Басылымымыз «Коммунизм таңы» аталған тұста Сейіт Кенжеахметұлы Қостанайда бірнеше жыл тұрақтаған екен. Облыс орталығындағы Пушкин көшесінің 92-ші үйін мекендепті. Міне, сол үйдің қабырғасына бірегей тұлғаға арналып мемориалдық тақта орнатылып отыр. Бұл игі іске белгілі жазушы-журналист әрі аталған мекенжайдың тұрғыны Оразалы Жақсановтың мұрындық болғанын айта кетейік.Салтанатты шараға Сейіт ағамыздың замандастары, кейінгі ізбасар шәкірттері, билік өкілдері, қалың қауым оқырманы, ұрпағы жиналып келді. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Аққожина құттықтау сөз сөйлеп, шаһар басшысының тілегін жеткізді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында сан қырлы азаматтың есімінің дәріптелуі үлкен тарту, зор қуаныш деді.Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы әдебиетте орны бөлек Сейіт Кенжеахметұлының этнография саласына қосқан үлесінің өлшеусіз екенін айтты:– Қазақстанда этнография саласын зерттеген алты ғылым докторы бар. Бірақ олардың ешқайсысы Сейіт ағамыз жазған дүниені жасай алған жоқ. Біз мұндай сөздің інжу-маржанын теріп, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді жалпақ жұртпен қауыштырған тұлғадан әлі де болса аларамыз көп еді, амал нешік, өмірден ерте өтті. Дегенмен бүгінгі біздің қолымызда қалған мұралары ұрпақтан ұрпаққа жететін баға жетпес қазына.
Ғалым тірі күнінде ұрпақтарына «Мен мына дүниеден кеткен соң, менің атағымды шығарамыз деп, әркімге алақан жая бермеңдер» деген екен. Бұл ол кісінің «ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөзді меңзегені болу керек. Себебі, қазір Сейіт Кенжеахметұлы еңбектерінің құны күннен күнге артпаса, кемімек емес. Ол кісінің артында іздеуші қалың елі бар. Қостанай қалалық мешітінде марқұмның рухына арналып ас беріліп, құран бағышталғанда, осындай жылы ойлар айтылды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.