Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?
Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Сабақ қашықтан жүретіні белгілі. Бұрын-соңды мұндай тәжірибе басымыздан өтпесе де, төртінші тоқсанда жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, дайындықты пысықтауға, жаңа жағдайға толықтай бейімделуге үш ай демалыстағы уақыт жеткілікті болды ма? Жалпы, жаңа оқу жылына өңірдегі білім беру саласының мамандары қалай әзірленді? Осындай сауалдарға жауап іздеп көрдік.
92,5 мың оқушы қашықтан оқиды
Облыста 18,6 мың оқушыны қамтитын барлығы 330 шағын жинақталған мектеп бар. Оның ішінде жалпы контингенті 16 мыңнан астам оқушы бар 265 мектеп (мектептердің жалпы санының 54%-ы) немесе оқушылардың жалпы санының 15%-ы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, штаттық режимде оқитын болады. Арасы 1,5 сағаттық үзіліспен 2 ауысымды құрайды. Желдету, дезинфекциялау, маскалық режим енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі. Мұндай оқыту форматы осы елді мекендерде қолайлы эпидемиологиялық жағдай болған кезде мүмкін болатынын түсіну маңызды. Егер өңірдің эпидемиологиялық жағдайы күрделенетін болса, өңірдің барлық мектептері қашықтық режимге толық көшірілетін болады.
Жалпы контингенті 92,5 мың оқушыны қамтитын қалған 225 мектепте оқу процесі қашықтан ұйымдастырылатын болады.
– Бұл ретте, бастауыш сыныптарда ата-аналардың өтініштері бойынша қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, толымдығы 15 адамға дейін топтарға бөле отырып, кезекші сыныптар жұмыс істейді. Бүгінгі таңда осындай форматта оқу үшін жалпы контингенті 27,3 мың оқушысы немесе төменгі сынып оқушыларының жалпы санының 55% бар 2400-ге жуық топтың ашылуы жоспарлануда. Осылайша облыс бойынша 108 мың оқушының 16 мыңы немесе 15% штаттық режимде оқытылатын болады; 27 мың оқушы үшін (25%) мектептерде кезекші сыныптар ұйымдастырылатын болады; 65 мың оқушы (60%) интернет-тұғырнамалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтық форматта оқитын болады, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметте.
Оқулық, компьютер және ғаламтор
Қашықтан оқыту режимін баланың немесе мұғалімнің үйінде компьютерсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Осы мақсатта жазғы кезеңде 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды, бұл облыстың білім беру ұйымдарының компьютерлік паркін 50% жаңартуға мүмкіндік берді. Ал Білім және ғылым министрлігі үкіметтік резервтен жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге 15,2 мыңнан астам компьютерлік техника бірлігін (1584 компьютер, 11586 ноутбук, 2052 планшет) сатып алуға қосымша қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
– Осы ресурстар педагогтер мен оқушылардың компьютерлік техникаға қажеттілігін өтеуге жеткілікті. Осыған байланысты мұғалімдер мен оқушыларға, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының балаларына білім беру ұйымдарынан қайтарылмалы негізде компьютерлерді беру бойынша жұмыс жүргізілді. Қазіргі таңда 11012 оқушы мен 176 педагогке барлығы 11188 компьютерлік техника бірлігі берілді. Атап өту керек, мектеп жасындағы бірнеше балалары бар отбасылар бар, оған қоса ата-анасы қашықтан жұмыс істейді, ал қолданыста тек бір компьютер. Осы сияқты проблемаларды оқу жылының басталуына дейін мектеп әкімшілігіне хабарлау қажет. Осы мәселе жеке шешілетін болады. Бұл үшін облыста ресурстар бар, – дейді облыстық білім басқармасының мамандары.
Сондай-ақ, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін әртүрлі қаржыландыру көздері (жергілікті бюджет, тартылған қаражаттар, облыстық кәсіподақ қаражаты) есебінен мобильді интернет модемдері сатып алынуда. Облыстың барлық 490 мектебі оқу жылының басына дейін жоғары жылдамдықты интернетке (4 Мбит/с-тен) қосылатын болады, осы мақсаттарға 2020 жылы 163,5 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 482 мектеп (98,4%) ғаламторға қосылған.
– Қашықтан оқытудың тәртібін түсіндіру үшін оқу жылы басталғанға дейін балаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары («Үйде қалай оқу керек», «Кибермәдениет» және т.б.), сондай-ақ бірыңғай ата-ана дәрістері өткізіледі. Осы шаралардың өту мерзімдері қосымша хабарланатын болады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Білім күні 1-қыркүйекте онлайн режимде өтеді. Қашықтық форматқа қарамастан, әрбір оқушы тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Үстіміздегі жылы оқу материалдарын сатып алуға шамамен 1,2 млрд теңге бағытталған. Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекке дейін оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілмек.
Бастысы – қауіпсіздік
Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы кезекші топтардың жұмыс істеу режимінде жаңғыртылатын болады. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде әлеуметтік қашықтықты және қатаң санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, толық топтарды ашу көзделіп отыр.
Облыстың мектепке дейінгі ұйымдардың қатарына 186 балабақша кіреді, оның 64-і жекеменшік. Тәрбиеленушілердің жалпы саны – 22,7 мың бала, оның 6,5 мыңы жеке балабақшаларда. Бұдан басқа, өңір аумағында 9 мыңнан астам баланы қамтитын 399 шағын орталық жұмыс істейді.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыста жалпы контингенті 39 мыңға жуық тәрбиеленушісі бар 45 қосымша білім беру ұйымда жұмыс санитарлық нормалар сақтала отырып, қашықтық форматта және штаттық режимде жеке тәртіппен немесе шағын топтарда ұйымдастырылатын болады.
Айгүл ҚАЗИЕВА, Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының директоры:
– Қазіргі таңда жаңа оқу жылына мектебімізде үлкен дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанында оқушыларымыз еліміздегі төтенше жағдай карантинге байланысты қашықтан оқиды. Алайда бастауыш сыныптар үшін кезекші топтар ұйымдастырылады. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары өтініш білдірсе, ата-аналардың келісімімен барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып, берілген нұсқаулықтар бойынша сыныпты 10-15 оқушыдан аспайтын кіші топтарға бөліп оқытамыз. Сондықтан мектепке тазарту құралдарын (қызу өлшеу құралы, антисептик, қолғап, бетперде) толық қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қазіргі таңда қашықтан оқыту кезінде барлық оқушыларды техникалық жабдықтармен (роутер, компьютер) қамтамасыз ету мақсатында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қашықтан оқыту кезінде керекті құралдары жоқ балалардың ата-аналарының өтініштері бойынша тізімдер жасалып, сол тізім бойынша компьютерлер беріліп жатыр.
Мұғалімдеріміз өткен оқу жылының 4 тоқсанында қашықтан оқытуда бірнеше платформа бойынша жақсы жұмыс атқарып шықты. Жаңа оқу жылында қашықтан оқытуға мұғалімдеріміз дайын деп айтуға болады. Елімізде мұғалімдерге арналған «Қашықтан оқытуды үйренемін» курсы ұйымдастырылып, онлайн курсы кезең-кезеңімен тегін оқытылды. Бұл өңірімізде 10-15 тамыз аралығында өткізілді. Біздің мектеп-гимназияның мұғалімдері 11 тамыздан 40 сағаттық курсқа қатысып, білімдерін жетілдірді әрі «Қашықтан оқытуды үйренемін» сертификаттарын алды.
Өткеннен сабақ алып, жаңа оқу жылында көптеген жұмыс түрлерін қарастырып отырмыз. Мұғалімдер мен оқушылар арасында байланыс әртүрлі жолдармен жүзеге асырылды. Бастапқыда қиыншылықтар болғанын жасырмаймыз. Ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында оқушыларымыз да, ата-аналарымыз да қашықтан оқыту кезінде мобильді болуды үйренді. Онлайн курс жүргізудің арқасында кемшіліктерді шештік. Қашықтан білім алушы оқушыларымыз кейбір оқу материалдарын дербес оқиды. Бұл ерік-жігер, жауапкершілік пен ұстамдылықты талап етеді. Алдағы уақытта да барлық оқушылармен жеке жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз.
БҒМ мектеп формасын кию туралы бұйрығына төтенше жағдай, карантин, шектеу іс-шаралары кезінде жүзеге асырылатын арнайы пункт қосылды. Оқушылардың мектеп формасын арнайы сатып алудың қажеті жоқ екенін, ІІ тоқсанда мектепке келген күннің өзінде бар «ұқыпты классикалық іскерлік киімде» келуіне рұқсат берілетіні және бастауыш сыныптардағы ата-ана өтініші негізінде кезекші сыныптардың қатаң талаптарды сақтай отырып жұмыс істейтіні туралы, мұғалімдердің біліктілік тесттері туралы өте дұрыс та нақты жауаптардың берілуі алдағы оқу жылын бастаймыз деген сенімділік ұялатты. Қазіргі уақытта барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, тиісті деңгейде балаларға білім беруміз – ең негізгі мақсат.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.